"ЖЕТІСУ КУБОГЫ" ПОЛЬШАҒА КЕТТІ

Уақыты: 03.12.2018
Оқылды: 1700

Талдықорғанда ардагерлер арасындағы «Жетісу кубогы» халықаралық турнирі қорытындыланды. Жеңімпаз — Польша командасы. Екінші орынды Ресейдің Мәскеу командасы иеленсе, үшінші орынға тағы да Ресей Федерациясына қарасты Татарстан ардагерлері табан тіреді. Бұл жайлы "Талдықорған" газетінің Taldykorgan-online.kz электронды сайты хабарлады.

«Үш күн бойына жалғасқан турнир шын мәнінде волейбол мерекесі болды. Жарыс жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Біз ардагерлер арасында әлем чемпионы болсақ та, жеңіске оңай жетпедік. Командалар мықты екен. Іріктеу кезінде Мәскеуге ұтылып қалып едік, финалда жеңдік. Шараны ұйымдастырған Алматы облысының әкімі Амандық Баталовқа шын жүректен ризашылығымды білдіремін», - дейді Польша командасының капитаны Дариуш Паркидне.

Халықаралық турнирге 10 команда қатысты. Марапаттау рәсімінде ешкім жүлдесіз қалмады. Әр командаға арнайы кубоктар, кәдесыйлар және 100 мың теңгеден ақшалай сыйлықтар берілді. Үздік ойыншылар да марапатталды. Соның ішінде, аталымдар бойынша үздік деп танылғандар:
Ең үздік блок қоюшы — Шостек Дариуш (Польша),
Ең үздік либеро — Масимов Рустам (Жетісу),
Ең үздік пайдалы ойыншы — Плотнир Андрей (Татарстан),
Ең үздік шабуылшы — Ткаченко Андрей (Ресей),
Ең үздік байланыстырушы — Чеснаков Анатолий (Орынбор),
Көрермендер көзайымы — Каминов Чингиз (Тыва Республикасы),
Ең үздік қорғаушы — Монхбат Монхоргил (Моңғолия).

Үшінші орын алған қазандықтар қанжығасына 500 мың теңге байласа, екінші орынға тоқтаған мәскеуліктер 700 мың теңге, ал турнир чемпионы - поляктар 1 миллион теңгені олжалады. Ал «Жетісу» командасы турнирді төртінші орынмен аяқтады.

- Барша командаға турнирге қатысқаны үшін алғыс білдіремін. Менің ойымша, өте тартысты ойын болды. Шын мықтылар суырылып алға шықты. Жеңістеріңіз құтты болсын! Барлық команданы алдағы жылдары өтетін «Жетісу кубогы» турниріне тағы шақырамын. Тыңғылықты дайындықпен келсеңіздер, келесі жылы жеңіс тұғырынан өзге де командалар шығады деп есептеймін. Сондықтан, баршаңызды волейбол ойнауға, оны дамытуға үлес қосуға шақырамын, - деді Алматы облысының әкімі Амандық Баталов.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"