Алты құрлықты мойындатты

Уақыты: 03.04.2017
Оқылды: 1514

Жуырда Грекия астанасы Афиныда балалар мен жасөспірімдер арасында джиу-джитсудан әлем біріншілігі өтті. Дүбірлі додаға облысымыздың бес спортшысы қатысып, бір алтын, бір күміс, қос қоланы қанжығасына байлады. Осыған орай өңірлік коммуникация қызметі брифинг ұйымдастырды.

Шараға әлем біріншілігінің жеңімпазы Аслан Қанатбек, жүлдегер Ботагөз Елдосқызы мен Жандос Нұрмұхамбетов қатысып, жұртшылыққа жарыстың қалай өткені және алдағы жоспарлары жайлы кеңінен тарқатып берді. 
Алғашқы сөз кезегі джиу-джитсудың файтинг түрі бойынша чемпион атанған Аслан Қанатбекке берілді. 
– Афинадағы сайысқа 45 елден 1000-ға жуық спортшы қатысты. Еліміздің атынан 41 саңлақ бақ сынап, 2 алтын, 3 күміс, 9 қола медальді қоржынымызға салдық. Бұл менің алғашқы ірі жарысым болғандықтан, жеңіске жету үшін аянып қалмадым, – деп өткізген жекпе-жектеріне тоқталды.
 Ол алғашқы кездесуде Испания спортшысын айқын басымдықпен ұтып, екінші кезеңде Грекия мықтысын тас-талқан етіп жеңеді. Жартылай финалдық жекпе-жекте ресейлік балуанмен кездеседі. Тартысқа толы, финалға бергісіз белдесуде Аслан қарсыласынан 11:10 есебімен басым түседі. Ақтық сында италиялықтан айласын асырып жеңіс тұғырынан көрінді. 
Басқосу барысында Ботагөз бен Жандос та жарыстан алған әсерлерін айтып, өз ойларымен бөлісті. 
Жиын соңында  қалалық №1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің аға жаттықтырушысы Айдос Усабаев: «Мен өкінішке орай бұл жарысқа бара алмадым. Әйтсе де өрендерімнің жепе-жегін тікелей эфирден тамашаладым. Барлығының  жекпе-жегіне көңілім толды. Ал, шаршы алаңда қарсыластарын шаң қаптырған Асланның кездесуі тіптен ерек. Былтыр бұл салмақта Жандос чемпион атанған болатын. Биыл ол салмағын жоғарылатып барса да жүлдеден тыс қалмады. Сонымен қатар, облысымыздың намысын жыртқан Еркебұлан мен Ботагөз де жарады», – дей келе балалардың өнеріне дән риза екендігін айтты.
 Енді спортшылар Атырау қаласында 18 – 22 мамыр аралығында жасөспірімдер мен жастар арасында өтетін додаға дайындалуда. Оларға сәттілік тілеп, олжамен оралсын демекпіз!

Айдар ҚАЛИЕВ