Бір айдың чемпиондары

Уақыты: 10.04.2017
Оқылды: 1408

Спорт  шежіресін ақтарып отырып, мына бір қызыққа куә болғаным бар. Тәуелсіздік алған 25 жылдың ішінде Қазақстан алты жазғы, алты қысқы Олимпия ойындарына қатысты. 
Допинг дауына ілігіп, төрт жылдықтың басты додасынан еншілеген бес алтынымыздан айырылып қалдық. Дегенмен, бізде қазір Тәуелсіздік жылдары топжарған 16 Олимпиада чемпионы бар екен.  Соның ішінде үш чемпион бір күнде дүниеге келген.  
Барлығынан басынан тарқатып айтсақ. 1996 жылы Қазақстан ең алғаш рет қатысқан жазғы Олимпия ойындарында боксшы       Василий  Жировке 81 киледе тең келер ешкім болмады. «Балқаштың Жолбарысы» сол жылы үздік боксшыға берілетін Вэл Баркер кубогын да еншіледі. Жиров 1974 жылы 4 сәуірде дүниеге келген. Арада         4 жыл өткенде Жировтан кейін бокстан екінші алтынды түркістандық жас қыран Бекзат Саттарханов сыйлады. Марқұм Бекзат та 4 сәуір (1980 жылғы) күні дүние есігін ашқан екен. Ал былтыр Бразилия жерінде ешкім күтпеген жерден суда жүзуден 200 метр қашықтықта чемпион атанған Дмитрий Баландин де Василий мен Бекзат секілді сәуір айының төртінші жұлдызында өмірге келіпті. Бір күнде үш чемпионның өмірге келуі сирек құбылыс деп бағалауға болады. Жалпы, наурыз бен сәуір айында қазақтың бірнеше талантты боксшылары өз туған күндерін атап өтеді. 
Мысалы, Василий мен марқұм Бекзаттан бөлек, әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы мен кәсіпқой бокстағы жұлдызымыз Геннадий Головкин да осы айдың тумалары. Жәнібек 1 сәуірде, Геннадий 8 сәуір күні дүниеге келген. Ал 69 киледе қазақтың Гимнін қалықтатып, Көк туын желбіреткен төрт  чемпионымыз болса, оның екеуі наурызда, екеуі қарашада дүниеге келген. Бақтияр Артаев (14 наурыз) пен Данияр Елеусінов (13 наурыз) наурызда туған болса, Серік Сәпиев    (16 қараша) пен Бақыт Сәрсекбаев (29 қараша) қарашада шыр етіп өмірге келіпті. 


 Бек ТӨЛЕУОВ, 
журналист.