Сары бала сан соқтырды

Уақыты: 24.04.2017
Оқылды: 1418

«Жастар» спорт сарайында облыс әкімінің жүлдесі үшін қазақ күресінен «Жетісу бөрісі» облыстық турнирі өтті. Республикалық «Қазақстан Барысы» турниріне өңірдің он алты ауданы мен үш қаласынан іріктеліп келген отыз сегіз балуан бақ сынады.

Дәстүрге айналған бәсекенің ашылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар сөз сөйлеп, доданың шымылдығын түрді. Жақсылық Мұқашұлы өңірде атқарылып жатқан игі істерге тоқтала келе, ұлттық өнеріміз қазақ күресінің даму деңгейін де тілге тиек етті. Сонымен қатар екі миллион халқы бар Алматы облысының балуандары республикалық турнирде топ жармауы жанымызды жабырқатып жүр деп, балуандардың намысын бір қайрап алды. Сөзінің соңында апайтөс жігіттерге сәттілік тілеп, жарысты ашық деп жариялады. Мұнан кейін Әлімғазы Райымбеков атамыз ақ батасын беріп, балуандар боз кілемге аяқ басты.
 Пай-пай, шіркін, иықтарына қасқыр терісін жамылып шыққан балуандар, нағыз қазақ өнерінің жанашырлары екенін байқатты. Бұла күштің иесі, күрес өнерінің майталмандарының басын қосқан додада атағынан ат үркетін балуандар бар. «Талдықорған бөрісінде» топ жарған Александр Касачев пен тұңғыш «Қазақстан Барысы» Ұлан Рысқұл, Айдос Қаңлыбаев, Тоқтар Қаркатеров, Жігер Сәкенұлы, Мұхит Қойшыман секілді балуандар көрерменнің делебесін қоздырды. Сонымен қатар жас балуандар да қарап қалмады. Әккі балуандар әбігерге салып, тамаша әдісімен жанкүйерлерді қопаңдатып, орындарынан тұрғызып қойды. Осындай мықтылардың арасында Райымбек ауданының жас балуаны Нұрсұлтан Алғазы, Қаратал ауданынан Хасан Оғылы, қапшағайлық Сапиннің күресі көңіл толқытты. Әттең, шеберлік жетіспеді, әйтпесе белдескенді баудай түсіретін жігіттер екен. Сонымен екі кілемге кезек-кезегімен шыққан балуандар жан алып, жан берісті. Бағы жанып, бабы келіскендер жарыс­ты жалғастырып отырды. Айта кетерлігі  – 38 балуанның арасында екі орыс ұлты, екі ұйғыр, бір күрд өкілінің ұландары бар. Осы балуандардың күресіне қарап отырып, көңіліміз көтеріліп қалды. Төл өнерімізді жетік меңгергені сонша, нағыз хас батырға лайықты қаһармандық танытты. Бұл біз үшін қуанарлық жайт.
 Сонымен екі топқа бөлінген балуандардың ішінен кіл мықтылар суырылып алға шықты. Жартылай финалға талдықорғандық екі балуан Александр Касачев пен Ұлан Рысқұл, қарасайлық Асқар Түреқұлов пен сарқандық Жігер Сәкенұлы шықты. Қарасайдың мықтысы Асқар жартылай финалда Касачевке жол берсе, сарқандық Жігер талдықорғандық Ұланға есе жіберді. Осылайша екі мықты ақтық сында кездесті. Естеріңізге сала кетейік, өткен жылы да осы екі жігіт ақтық сында белдесіп, бас бәйгені сарапқа салған еді. Ол кезде Ұланның жолы болып «Жетісу бөрісі» атанған-ды. Бұл жолғы теке-тіресте Александрдың жолы болды. Жарақатына қарамай күреске бар күш-жігерін жұмсаған Ұланды басынан асыра лақтырып, таза жеңіске қол жеткізді. Ал үшінші орын  Қарасай ауданынан келген Асқар Түреқұловқа бұйырды. Финалға бергісіз белдесу болды десек, артық айтпағанымыз. Екі саңлақ та, шелектеп тер төгіп, соңында қоян-қолтық белдесуде Асқардың айы оңынан туды. 
«Қазақстан Барысында» бақ сынайтын Александрға облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар алтын белбеу мен «темір тұлпардың»  кілтін табыс етсе, екінші орын алған Ұлан Рысқұлға бес жүз мың теңгенің сертификатын табыс етті. Асқар үш жүз мың теңгемен марапатталды. Рес­публикалық турнирде Жетісу жерінің намысын қорғайтын Ұлан мен Александрға сәттілік тілейік!

Ришад Тұрғанбаев