Желкенді жел кернеді

Уақыты: 10.05.2017
Оқылды: 1633

Туризм саласы экономиканы дамыту көздерінің бірі болып саналады. Елімізде туризмді дамыту үшін барлық қажетті мәдени, тарихи, географиялық және климаттық жағдайлар жеткілікті. 

Осы орайда облысымызда көптеген іс-шара жолға қойылып, туризмді дамытуға және халықты туризм саласына тартуға жағдай туғызып келеді. Оның бірі жыл сайын ақ желкенін көтеретін Іле-Балқаш регатасы.
Мамырдың алғашқы күні Іле өзені жағалауындағы «Таңбалы тас» шатқалында регатаның ашылу салтанаты өтті. Іле-Балқаш регатасының ашылу салтанатында облыстық туризм басқармасы бастығының міндетін атқарушы Бақытжан Оразбаев сөз сөйлеп, қатысушыларды Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтап, сәт сапар тіледі. Жиынға  «Табиғат» экологиялық одағының президенті Мэлс Елеусізов, аталмыш фестивальдің жетекшісі Владимир Покусов қатысты.
Жыл сайын ұйымдастырылатын халықаралық регатаға бес мыңнан аса турист жиналып, Іле бойын дүбірге бөледі. Салтанатты шараны негізгі ұйымдастырушы облыстық әкімдік пен «Табиғат» экологиялық одағы. Тағылымы мол істің бастамашысы Мэлс Хамзаұлы туризмді дамыту жолдарын қарастырып қана қоймай, Іле-Балқаш регатасына тартып, Балқаш пен Іле өзенінің экологиялық жағдайы жайлы әңгіме қозғап келеді. 
Биылғы регатада қызықты ойындар көп болды. Спорттық шара бойынша Іле өзенінің айдынына желкенді қайықтар шықса, жағада тау туризмінен «Іле-2017» атты республикалық жарыс ұйымдастырылды. Тауға өрмелеген жас альпинистердің қарасы көп. Барлығы да мықты дайындықпен келгенін көрсетіп, шеберліктерін шыңдай түсті. 
Ұлттық спорттық ойындар да назардан тыс қалмады. Салтатты қыз-жігіттер қонақтардың көңілін көтерді. Көкпар мен қазақ күресі өз алдына бөлек әңгіме. Боз кілемге шыққан балуандар талайға таңдай қақтырды. Биыл «Регата бөрісі» деген атаумен ұйымдастырылған күресте нағыз сен тұр, мен атайын деген жігіттер белдесті. Оның сыртында жағажай волейболы мен пейнбол бәсекесі де ұйымдастырылды. Ең қызығы, кешкітұрым, күн ұясына кіргесін жағалауға алау жағылып, регатаға келушілер гитарамен ән шырқады. 
Ресми ашылудан кейін дәстүрлі әншілеріміз бен эстрада жұлдыздары әннен шашу шашып, жастардың көңілін көтерді. Бір айға созылатын регата мамырдың 28 күні мәреге жетеді. Осы аралықта Іле өзенімен сапар шегетін қайықтар Балқаш көліне жетуі керек. Еш кедергісіз, уақытынан бұрын мәреге жеткен қайықшы жеңімпаз деп танылып, арнайы жүлдеге ие болады. Тек қайықшылар ғана емес, регата кезінде ұйымдастырылған барлық мәдени шараның жеңімпаздары анықталады.


Әмір САНА.