Батырлардың басын қосқан бәсеке

Уақыты: 18.05.2017
Оқылды: 1651

Талдықорғанның «Жастар» спорт кешенінде Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің 25 жылдығы құрметіне Ауған соғысы ардагерлері арасында волейболдан облыс әкімінің жүлдесі үшін республикалық турнир өтті. Жарысқа еліміздің түкпір-түкпірінен келген 9 команда қатысты.

Жарыс облыс әкімі Амандық Баталовтың алғысөзімен басталды. Ол:
– Құрметті қауым! Бүгін  ұрпаққа  үлгі болатындай шара ұйымдастырылып отыр. Қарулы Күштердің 25 жылдығына арналған турнирдің мақсаты – салауатты өмір салтын насихаттап, жастарға патриоттық тәрбие беру. Ауған соғысының ардагерлері халқы үшін қанын төккен ержүрек батырлар. Біз батыр бауырларымызға құрмет көрсетуіміз керек. Бүгінгі өткізіліп отырған турнир соның жарқын дәлелі, – дей келе жарысты ашық деп жариялады.
Осыдан кейін «Ауған соғысы мүгедектерінің республикалық ұйымы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Кеңес Одағының Батыры Николай Кремениш ардагерлерге қолдау көрсетіп, жарысты ұйымдастырған облыс басшысына алғысын білдіріп, барлық қатысушыға сәттілік тіледі. Ал «Алматы облысының Ауғанстандағы соғыс ардагерлері одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қайрат Жанабаев «Виват, шурави» әнін орындағанда барлық ардагерлер қосылып тебірене шырқады. Ойын алдында батырларымыз көптен көрмеген қарулас достарын көріп арқа-жарқа болып, бір-бірін құшақ жая қарсы алды.
Осыдан кейін жарысқа жиналған командалар дүбірлі доданы бастап кетті. Алғашқы кезеңнен-ақ спортшылар бұл сайысқа тыңғылықты дайындықпен келгені дәлелдеді. Бұл сында облысымыздың командасы өнер көрсетті. Олар топтық кезеңде Атырау және Қызылорда қалаларының командаларын тізе бүктіріп, жартылай финалға жолдама алса, Өскемен мен Ақтөбе ардагерлері де қарсылас шақ келтірмей жартылай финалға шықты. Тегеурінді шабуылдарының арқасында Астана қаласы да осы қатардан көрінді. Жартылай финалдық кездесуде өңіріміздің командасы, өкінішке қарай, 2:1 есебімен Астанаға жол беріп қойды. Ал Шығыс Қазақстан ардагерлері Ақтөбеден басым түсіп финалға шықты. 
Ақтық бәсеке тартысты өтті.  Қос команда ойыншылары қанша шаршаса да асқан техника мен шеберлік тактикасын ортаға салды. Осылайша үздік ойындарымен жиналған жұрттың таңдайын қақтырды. Қос команда әуе добының озық үлгісін көрсете білді. Үшінші орынға таласқан командалар да әдемі ойын өрнегін паш етті. 
Жарыс қорытындысы бойынша бас бәйге – 500 мың теңгені Шығыс Қазақстан облысы жеңіп алды. Екінші орынның 300 мың теңге ақшалай сыйлығы Астана қаласына бұйырды. Ал облысымыздың командасы үздік үштіктің қатарынан көрініп 200 мың теңге ақшалай сыйлық иеленді. Қалған командаларға Алғыс хат және 50 мың теңге ақшалай сыйлық табысталды. 
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді Амандық Баталов марапаттады. Сонымен қатар, жарыстың үздік ойыншылары да марапатқа ие болды. Атап айтсақ, облысымыздың спортшысы Сергей Хворост үздік ойыншы, Азамат Шөмекбаев үздік пас беруші, Астананың сұрмергені Жанат Шалабеков үздік шабуылшы болып танылса, Өскемен ойыншысы Сергей Бузулуцкий үздік қорғаушы ретінде көзге түсті. 
Жарыс соңында Ауған соғысының ардагерлері облыс басшысына алғысын жаудырды. Өңіріміздің командасы Ауған соғысының ардагерлері атынан Амандық Ғаббасұлына арнайы төсбелгі табыстап, команданың басшысы ретінде бірінші нөмірлі волейбол жейдесін табыстады. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген командалар да өңір басшысына Алғыс хат пен арнайы сыйлықтар берді. Жарысқа келген ардагерлер жер жаннаты Жетісудың төрінде осындай игі шара жиі ұйымдастырылып тұрса деген ниетпен тарқасты.

Айдар ҚАЛИЕВ