Қанат баптаған шәкірттер

Уақыты: 22.05.2017
Оқылды: 1702

Әдетте біз ауылдағы спорттық жарысқа аса мән бере бермейтініміз анық. Әйтеуір, топырақтың ортасы, шеткейде өтіп жатқан дода деп, көзіміздің бір қиығын салып қана өте береміз. Ал, сол сынға қос көзімізді тігіп, балғындардың белдесуін жіті бақыласақ, нағыз қызық сонда. Білекті сыбанып, нағыз жанкештілікті көрсетіп, ұтылса, шынайы өкініп, ұтса, бөркін аспанға атып, қуанып жатқан жас балуанды көресің. Рас, сол қуанған балақайдың ертең елдің намысын қорғайтын әккі балуан шығатынын естен шығармайық! Әлемнің мықтысын жеңген чемпиондардың барлығы ауылдан шыққан. Жастайынан осындай бәсекеде ысылып, талантымен көзге түсіп, ертеңгі үлкен дуда, атой салатын да осы балуандар болмақ. Сонымен ауылдағы тойдың бірі Қаратал ауданы, Кәлпе ауылында өтті.

Жастардың томағасын сыпырып, үлкен топқа түсіруде бар күш-жігерін жұмсаған Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген спорт қайраткері Қанат Арынбаевты еске алуға арналған еркін күрестен аудандық ашық турнир жалауын желбіретті. Балғындардың басын қосқан бәсекеге облыстың барлық аймағынан командалар келіп, бір күн бойы Қаратал өзенінің жағасын дүбірге бөледі. Тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған жарысты Қанат Арынбайұлының шәкірттері қолдау білдіріп, ұстазына деген құрметін білдіріп, өткізіп отыр. Бар саналы ғұмырын бала тәрбиесіне оның ішінде күрес өнерінің әліппесін жаттатып, боз кілемге баулыған білікті бапкер, талай баланың шамшырағын жақты. Ол кісіден түлеп ұшқан шәкірттер, республикалық, облыстық бәсекеде орын алып, көбісі халықаралық дәрежеге дейін көтерілді. Сонымен жарыстың ашылу салтанатына Қанат Арынбайұлының жолдастары, шәкірттері, облыста жүрген күрес мамандары жиылды. Ашылу салтанатында мектеп директоры, жолдастары мен қоса Бейжің Олимпиадасының қола жүлдегері Нұрбақыт Теңізбаев сөз сөйлеп, жастарға сәттілік тіледі. «Жақсыны көрмекке жақсы», – дегендей Нұрбақыттай талантты ұлдың ауылға келгені көпшілікке абырой болды. Жастар жағы чемпионның қолын алып, суретке түсті. Көңілдері көтеріліп, бойларына күш-қуат жинағандары анық. Рас, осындай азаматтардың арқасында балғындар алдына мақсат қойып, болашаққа нық қадаммен басатыны анық. Олай болса, бүгінгі Кәлпе ауылына жиылған кішкене балуандарымыздың да жүрегіне сондай сезім ұялағаны белгілі. Салтанатты шараның соңы ортаға төселген боз кілемнің үстіндегі бәсекемен жалғасты.
Шиыршық атқан балғындар жарыстың көрігін қыздырып, күреске белсене кірісті. 21 келі салмақта Қанабек ауылының балуаны Алихан Қажымұқан қарсылас шақ келтірмей бірінші орынды жеңіп алды. Ол ақтық сында кәлпелік Мансұр Сәкенді ұтты. Үшінші орын Талдықорғаннан келген Дулат Иманқұл мен кәлпелік Мерей Мұқаметкерейұлына тиесілі болды. Ал, 23 келі салмақта бас жүлдені қанабектік Мамед Мамедов ешкімге ұстатпады. Күміспен Көксу ауданынан келген Ілияс Бердіқожа күптелсе, қос қолаға текелілік Еркебұлан Аманжолұлы мен талдықорғандық Ерсайын Дулатбек қол созды. 26 келі салмақта Қанабек ауылының қос балуаны алтынға таласты. Сыралғы қарсыластардың арасындағы белдесу Ілияс Мамедовтың пайдасына шешілді. Күміс Шыңғыс Әділбайға бұйырса, қола көксулық Ерсін Демеген мен үштөбелік Әмір Әділханның мойнында кетті. 29 келіде белдескендердің арасында талдықорғандық Уалихан Көбегеннің қарқынына ешкім төтеп бере алмады. Ол финалда үштөбелік Қайрат Ризабекті ұтты. Қанабек ауылының қос қыраны Жанат Оттықбай мен Абылайхан Асан қоланы қомсынбады. 32 келіде Көксу ауданының қанжығасы майланды. Сейітқали Айтқалиев финалда талдықорғандық Нұртай Нұрсұлтанды ұтып, алтын тұғырдан қол бұлғаса, Кәлпенің балуаны Ербол Кикен мен қанабектік Ернар Тиянақ қола жүлдені қоржынға тоғытты. 35 келі салмақта Кәлпе ауылының ұланы Темірлан Серіков Көксу ауданынан келген Рамазан Байтұрғанның мысын басып, алтынға қол жеткізді. Қоланы бақтыбайлық Ілияс Тыныбек пен жарыс қожайыны Батыр Шәкен жеңіп алды. 38 келде финалда белдескен кәлпелік Алмат Сағи талдықорғандық Ілияс Әскерден айласын асырды. Бақтыбайлық Арман Нұржанұлы мен үштөбелік Ринат Нұрғалым қола медальді уысына түсірді. 42 келіде талдықорғандық Алдияр Жұмағали алтын алуды мақсат тұтқандай. Финалда атой салған ол, көксулық Арғын Нұрсақанның тізесін дірілдетті. Осылайша жеңісті жұлып алды. Талдықорғандық Ерасыл Бөкенай мен қанабектік Бақтияр Нұрлыбек қоланы қанжығаға байлады. 47 келіде бақ сынаған Мәмбет ауылынан келген Батыр Серік  ешкімге дес бермеді. Ол финалда үштөбелік Айдос Сырымбеттің жауырынын жер иіскетті. Қола тұғырға бақтыбайлық Нұрсұлтан Ілияс пен талдықорғандық Асхат Талапбеков жайғасты. +47 келіде өнер көрсеткендердің ішінен көксулық Ерасыл Нұрдыбекұлы үздік деп танылды. Көксудың қос мықтысы финалда жолығып, Ғабдірәсіл Малиқаждар айласын асыра алмады. Ерасылға жол берген Ғабдірәсіл күмісті қанағат тұтты. Қола үштөбелік Алдияр Есімбек пен талдықорғандық Шыңғыс Құдайбергеннің уысына түсті. 
Осылайша бір күн бойы Кәлпе ауылын дүбірге бөлеген балуандар бәсекесі өз мәресіне жетті. Жарысты ұйымдастырған Қанат Арынбаевтың шәкірттері жарыс соңынан ас беріп, бапкерлеріне құран бағыштады. Талай балғынның жүрегінде мәңгілік сақталатын және жаңа есімдердің шыңдалып шығуына қолғабыс болатын турнир келер жылы да жалауын желбіретпек. Дәстүрге айналған бәсекеден қанат қаққан боз бала, болашақта әлемдік аренада ел намысын қорғасын, – деп тілейік.

Ришад ТҰРҒАНБАЕВ