Қарасайлықтар жарады

Уақыты: 22.05.2017
Оқылды: 1248

Талдықорғандағы «Жастар» спорт кешенінде тірек-қимыл қозғалысы және көру мүшелері зақымданған спортшылар арасында облыстық спартакиада өтті. Жарысқа облыстың әр өңірінен 1500-ге жуық спортшы қатысты.

Жарыс облыстық дене мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған спорт клубының директоры Ерлан Бақтыбаевтың алғы сөзінен бастау алды. Ол: 
– Өткізіліп отырған шараның басты мақсаты – мүмкіндігі шектеулі жандар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру және бұқаралық спорт түрлерін дамыту. Осыған орай спартакиада ұйымдастырып отырмыз. Сайысқа қатысушылардың арасынан облыстың, елдің намысын қорғайтын спортшылар шығуына тілектеспін, – дей келе, спортшыларды құттықтады. 
Осыдан кейін сөз кезегін дене шынықтыру және спорт түрлерін дамыту бөлімінің басшысы Алмат Үшкемпіров алып, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
Екі күнге созылған дүбірлі дода жеңіл атлетика, пауэрлифтинг, жүзу, отырып ойнау волейболы, үстел теннисі, тоғызқұмалақ, шахмат, дойбы-64, оқпен ату спорт түрлері бойынша өрбіді. Мектеп жасындағы балалар мен зейнеткерлерге дейін сынға түскен бәсекеде әр қатысушы барын салып өнер көрсетті. Бірі – әуе добы мен үстел теннисінен ептілігін көрсетсе, екіншісі – шахмат, тоғызқұмалақ ойнап, тапқырлығымен танылды. Зілтемір  көтерген шымырлар жүгіруде алдына жан салмайтындар, жұртшылықтың қошеметіне бөленді. Жарысқа келген жандар керемет әсер алып, ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді.
Жарыс қорытындысы бойынша 1-орынды 395 ұпай жинап Қарасай ауданы жеңіп алса, 2-орынды 366 ұпаймен Талдықорған қаласы еншіледі. 3-орын қоржынына 335 ұпай салған Еңбекшіқазақ ауданына бұйырды. Жиын соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлер мақтау қағаздарымен марапатталды.

Айдар ҚАЛИЕВ