Су – тіршілік көзі. Осы баға жетпес табиғи байлықты тиімді басқару, сақтау және халық пен ауыл шаруашылығы саласын үздіксіз сумен қамту – аса маңызды әрі жауапты міндет. Бүгінде осындай істің табысты орындалуына сала мамандарының сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Сондықтан олар әрдайым үлкен құрметке лайық.
Осы ретте Талдықорғандағы Тіл сарайында су шаруашылығы саласы қызметкерлері күніне арналған марапаттау рәсімі өтті. Салтанатты шараға сала ардагерлері, мекеме басшылары және қызметкерлері қатысты. Мерекелік жиында құттықтау сөз сөйлеген «Қазсушар» РМК Жетісу филиалының директоры Медет Керімжанов Мемлекет басшысы мен ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі су саласын дамытуға, су қауіпсіздігін нығайтуға, ирригациялық инфрақұрылымды жаңғыртуға, су ресурстарын тиімді пайдалануға және сала қызметкерлерінің әлеуметтік мәртебесін арттыруға ерекше көңіл бөліп келетінін атап өтті.
Медет Серікұлының сөзінше, облыста су шаруашылығы жүйесін жаңғырту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Бүгінде Ислам даму банкінің қаржыландыруымен Ақсу және Көксу аудандарында ирригациялық желілерді қайта жаңғырту жобалары жүзеге асырылуда. Бұл жобалар суару жүйелерінің тиімділігін арттырып, ауыл шаруашылығы алқаптарын тұрақты сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Биылғы вегетациялық кезеңге филиал бойынша 116 мың гектар суармалы жерге 884 млн. текшеметр су жеткізу жоспарланған.
Қазіргі таңда ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен су беру қызметіне 7 924 келісімшарт жасалып, жалпы 128 мың гектар суармалы жерді қамту көзделген. Жоспарланған су беру көлемі 1 млрд. 117 млн. текшеметрді құрайды. Бұл көрсеткіштер – филиал ұжымының үйлесімді жұмысының, өндірістік учаскелердегі мамандардың кәсіби шеберлігі мен жауапкершілігінің нақты нәтижесі. Алдағы уақытта да су үнемдеу технологияларын енгізу, ирригациялық инфрақұрылымды дамыту және су ресурстарын тиімді басқару бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғаспақ.
Мерекелік шарада су шаруашылығы саласында еңбек етіп жүрген өзге қызметкерлер де жылы лебіздерін білдірді. Бұдан соң өз қызметінде жоғары нәтижеге қол жеткізіп, жемісті еңбек етіп жүрген бір топ маманға көп жылғы жемісті еңбегі, кәсібіне деген адалдығы және су ресурстарын тиімді пайдалану жолында қосқан елеулі үлесі үшін ерекше сый-құрмет көрсетілді. Мәселен, ҚР Су ресурстары және ирригация министрі атынан «ҚР Су шаруашылығының ардагері» төсбелгісімен Панфилов өндірістік учаскесінің су бақылаушысы Айдар Нұрпейсов, «ҚР Су шаруашылығының үздігі» төсбелгісімен Көксу өндірістік учаскесінің инженер-гидротехнигі Мәриям Шаймұран марапатталып, тағы бір топ қызметкер Құрмет грамотасын алды. Су шаруашылығының дамуына сүбелі үлес қосқандардың бірқатарына Су ресурстары комитеті төрағасының және облыс әкімінің Алғыс хаты табысталды. Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағының «Елеулі Еңбегі үшін» төсбелгісін, Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағының І дәрежелі «еңбек даңқы» орденін, Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағының ІІІ дәрежелі «еңбек даңқы» орденін иеленгендер де ерекше қуанышқа кенелді.
Шара соңында мерекелік әндер орындалып, қатысушыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Мұндай кездесулер сала қызметкерлерінің еңбегін дәріптеп, кәсіби беделін арттыруға және жас мамандарды осы маңызды салаға тартуға ықпал етеді.
А. БАЙЖҰМАҚЫЗЫ





