Талдықорғанның тәртіп сақшыларына велосипед ұрланғаны жөнінде хабарлама түседі. Қос дөңгелекті көлік иесі меншігін арнайы қорғаныс құралдарынсыз, яғни велоқұлыппен бекітпей, дәмханаға бас сұққан. Сол уақытта әккі ұры қараусыз мүлікті «меншіктеп» алған. Патрульдік полиция қызметкерлері жәбірленушінің сипаттауы бойынша қолды болған велосипед пен күдіктіні іздеп табады.
Құқық қорғаушылар «әккіні» ізін суытпай табады. Анықталғандай, 20 жастағы қала тұрғыны иеленіп алған. Өзі масаң күйде болыпты. Қазір күдіктінің осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексерілуде.
Облыстық полиция департаменті азаматтарға мүліктің сақталуы қарапайым қауіпсіздік шараларын ұстануға тікелей байланысты екенін еске салады. Велосипедті қараусыз қалдырмауға және міндетті түрде арнайы велоқұлып, шынжыр немесе трос секілді сенімді қорғаныс құралдарын пайдалануға кеңес береді.
Дастанбек САДЫҚ





