Қазақстанда табиғатты қорғау және экологиялық мәдениетті дамыту мақсатында «Мөлдір бұлақ» республикалық экологиялық акциясының екінші кезеңі өтті, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Су ресурстары және ирригация министрлігінің баспасөз қызметі «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында ұйымдастырылған шара барысында еліміздің 12 облысында бұлақ көздері мен су айдындарының жағалауы тазартылып, абаттандыру жұмыстары жүргізілгенін мәлім етті.
Экологиялық науқан Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Маңғыстау, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Абай және Ұлытау облыстарын қамтыды. Мамандар мен еріктілер бір мезгілде 58 бұлақ пен 35 су айдынының аумағын күл-қоқыстан арылтып, тазартты. Республика бойынша экологиялық жұмыстарға 11 мыңнан астам адам атсалысты.
Павлодар облысы, Баянауыл ауданындағы бұлақты тазарту барысында Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов өңір басшысы Асайын Байхановпен бірге еңбек етті. Министр өз сөзінде экологиялық мәдениетті қалыптастырудың маңызын айрықша атап өтті. Азаматтардың бастаманы белсенді қолдауы, әсіресе жастар мен ақсақалдардың бірлескен еңбегі табиғатты аялаудың жарқын көрінісіне айналды.
Май ауданындағы бұлақтарды тазалауға «Қазсушар» РМК филиалының мамандары, Ертіс бассейндік инспекциясының қызметкерлері және еріктілер тобы жиналды. Жалпы саны 550-ге жуық адам ынтымақтаса еңбек етті. Биыл 23 наурызда өткен алғашқы кезеңде Жамбыл, Қызылорда, Түркістан, Алматы, Жетісу облыстары мен Шымкент қаласында 30 бұлақ пен 19 су айдыны қалпына келтірілген болатын.
Су саласындағы игі бастамалар мұнымен тоқтап қалмайды. Жамбыл облысында құрылған «Болашақтың қайнары» еріктілер қозғалысы қазіргі таңда еліміздің барлық өңірінде жасақталуда. Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университетінің студенттері бастаған бұл қозғалыс жастарды экологиялық мәселелерге бейжай қарамауға үндейді.
Табиғат – ортақ байлығымыз. Мұндай акциялар су көздерін қорғап қана қоймай, жас ұрпаққа туған жерді құрметтеуді үйретеді. Сіз де өз аймағыңыздағы бұлақ көздері мен су айдындарын таза ұстап, экологиялық мәдениетті дамытуға үлес қосыңыз. Тазалық – денсаулық пен берекенің бастауы.





