Жетісу облысында көлік жүргізуге тыйым салынған, алайда рөлге отырған 58 азамат анықталды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы tinfo.kz сайтына сілтеме жасап.
Талдықорған қалалық прокуратурасы жүргізген тексеру жұмыстары нәтижесінде медициналық қарсы көрсетілімдері бар жүргізушілердің жол қозғалысына қатысуына жол бермеу шаралары жүзеге асырылды.
Тексеру барысында есепте тұрған тұлғалардың тізімі мен көлік жүргізушілерінің базасы салыстырылды. Салдарынан эпилепсия, психикалық ауытқулар және психоактивті заттарға тәуелділік диагнозы бар 58 адамның көлік басқару құқығына ие екені белгілі болды. Мұндай дертке шалдыққандардың көлік тізгіндеуі жол қауіпсіздігіне тікелей қатер төндіреді.
Қазіргі таңда сот шешімімен 28 азаматтың жүргізуші куәлігінің күші жойылды. Қалған 30 адамға қатысты сотқа талап-арыздар жолданып, қаралу үстінде. Прокуратура өкілдері аталған тізімдегі барлық тұлғаның көлік басқару құқығын заңды түрде тоқтатуды көздеп отыр.
Жол-көлік оқиғаларын азайту – басты міндет. Көлік құралын басқару – жоғары жауапкершілікті талап ететін іс. Денсаулық жағдайы талапқа сай келмейтін азаматтардың көлік жүргізуі жазықсыз жандардың өміріне қауіп әкеледі. Сондықтан прокуратура органдары мұндай заңбұзушылықтарды қатаң бақылауға алды.
Азаматтардың өз қауіпсіздігі мен өзгелердің өміріне салғырт қарамауы қажет. Егер көлік жүргізуге тыйым салатын медициналық диагноз болса, өз еркімен куәліктен бас тартқан жөн. Жол қозғалысы ережелерін сақтау және техникалық, медициналық талаптарды орындау – әрбір жүргізушінің азаматтық парызы.





