Сарқан әкімдігінде Ветеринария қызметкерлері күніне орай салтанатты жиын өтіп, саланың майталмандары арнайы марапатқа ие болды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Кәсіби мереке аясында аудан әкімінің орынбасары Ғазиз Отарбайұлы Есжанов сала мамандары мен ардагерлерін құттықтап, олардың ауданның ветеринариялық қауіпсіздігін сақтаудағы еңбегін ерекше атап өтті. Мал шаруашылығын дамыту мен эпизоотиялық (аурулардың жаппай таралуына жол бермеу) тұрақтылықты қамтамасыз ету – ветеринарлар мойнындағы үлкен жауапкершілік.
Сарқан ауданында мал шаруашылығы қарқынды дамып келеді. Қазіргі таңда 13 ветеринариялық пунктте 100-ден астам білікті маман жұмыс істейді. Жалпы аудан аумағында 245 мыңнан астам ауыл шаруашылығы жануары тіркелген.
Саланың даму көрсеткіштері:
-
Жыл сайын жүздеген мың профилактикалық екпе салынады;
-
Диагностикалық зерттеулер үнемі назарда;
-
Соңғы жылдары 7 жаңа ветеринариялық пункт пайдалануға берілді;
-
Материалдық-техникалық база кезең-кезеңімен нығайтылуда.
Бұл жұмыстар малдың денсаулығын ғана емес, тұрғындардың азық-түлік қауіпсіздігін тікелей қорғайды.
Салтанатты шара барысында өз ісіне адал мамандар марапатталды. Оларға Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Жетісу облысы бойынша аумақтық инспекциясының Құрмет грамотасы, сондай-ақ аудан әкімінің марапаттары мен Алғыс хаттары табысталды.
Ветеринария – жануарлар мен адамдар денсаулығының арасындағы қалқан. Мамандардың күнделікті қажырлы еңбегі арқылы өңірімізде мал шаруашылығы өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігі бақылауда тұр.





