Сарыөзектіктердің суға деген зәрулігі айтылып та, жазылып та жүр. Халықтың базынасына басын ауыртқанымен, ауызсу мәселесіне келгенде шешім таппай кеткен қаншама әкімді халық көз алдынан өткізгені шын. Бұдан былай аталған мәселеге түбегейлі нүкте қойылмақ.
Кербұлақ ауданының орталығы – Сары-өзек ауылында орталықтандырылған ауызсу жүйесін жаңғырту жұмыстарының екінші кезеңі қарқын алды. Бұл кезеңде елді мекеннің оңтүстік-шығыс бөлігі мен орталығындағы 25 көшеде орналасқан мыңнан астам абонент жаңа су желісіне қосылады. Яғни ауыл тұрғындарының шамамен үштен бірі заманауи инженерлік инфрақұрылымның игілігін көреді.
Қазіргі таңда құрылыс алаңындағы жұмыс бір сәтке де толастаған жоқ. Мамандар ауыл шетіндегі ірі су резервуарлары маңында жаңа магистральдық құбырларды жалғап, жүйенің негізгі тораптарын жаңартуда. Жұмыс түнгі уақытта жүргізілуде. Себебі, дәл осы мезгілде тұрғындардың су тұтынуы азайып, техникалық жұмыстарды қауіпсіз әрі тиімді орындауға мүмкіндік туады. Ал күндіз халық бұрынғы су жүйесі арқылы үздіксіз ауызсумен қамтамасыз етілуде.
– Мұнда сыйымдылығы екі және үш мың текшеметр болатын бірнеше резервуар орналасқан. Бұл тұрғындарды қажет болған жағдайда ескі әрі жаңа жүйе арқылы тұрақты сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар жаңа желі арқылы берілетін ауызсу санитариялық-эпидемиологиялық бақылау мамандарының зертханалық тексерісінен өтіп, сапасы талапқа толық сай деп танылған, – дейді құрылыс учаскесінің басшысы Рашид Куватов.
Жаңа жүйеге көшу кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Екінші кезеңге енген барлық абонент толық қосылғанға дейін тұрғындар ескі құбыр желісі арқылы су пайдалануды жалғастыра береді. Ал жаңа желі іске қосылғаннан кейін су тұрғындардың қосылу қарқынын күтпестен ертерек беріледі. Бұл жүйенің техникалық тұрғыдан толық дайын екенін көрсетеді.
Ауыл тұрғындарының белсенділігі де көңіл қуантады. Кейбірі арнайы бригадалардың кезегін күтпей-ақ өз қаражаты есебінен жаңа құбырға қосылып жатыр. Бұл жұмыстардың мерзімінен бұрын аяқталуына оң ықпал етпек.
Жоба аясында 1075 абонент жаңа жүйеге қосылады деп жоспарланған. Дегенмен олардың арасында бүгінде бос тұрған немесе иесіз қалған үйлер де бар. Мұндай нысандардың саны төрт жүзге жуықтайды. Соның нәтижесінде құрылысшылар қалған тұрғындарды жаңа жүйеге қосу жұмыстарын әлдеқайда жедел жүргізуге мүмкіндік алып отыр.
– Екінші кезеңде тұрғын үйлермен қатар бір мектеп, екі балабақша, Мәдениет үйі және мемлекеттік мекемелердің әкімшілік ғимараттары да орталықтандырылған жаңа су жүйесіне қосылады. Бүгінде негізгі магистральдық құбырлар толық салынып, құдықтар қазылып дайындалған. Сондықтан бұл кезеңнің ешбір кедергісіз, белгіленген мерзімнен кешікпей аяқталатынына сенім білдіремін, – дейді Кербұлақ ауданының әкімі Жанат Жүнісбеков.
Ауызсу – халықтың тұрмыс сапасын айқындайтын ең маңызды әлеуметтік игіліктің бірі. Сарыөзекте жүзеге асып жатқан бұл ауқымды жоба ауылдың инженерлік инфрақұрылымын жаңғыртып қана қоймай, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған нақты қадамдардың бірі болып отыр.
Медет ЖҰМАБАЙ
Кербұлақ ауданы





