Облыста ауыл шаруашылығы саласы жыл сайын қарқын алып келеді. Көксу ауданы, Алғабас ауылындағы «Ұлан» шаруа қожалығы да осы үрдістен қалыс қалмай, егіншілік пен мал шаруашылығын қатар дамытып отыр. Мемлекеттік қолдау мен диқаншылардың тынымсыз еңбегінің нәтижесінде шаруашылық мол өнімге қол жеткізіп, өңірдің аграрлық әлеуетін арттыруға үлес қосуда.
2000 жылдың басында құрылған шаруашылық басшысы Нұржан Рғайбектің айтуын- ша, қожалықтың жалпы жер көлемі – 5098 гектар. Оның 418 гектары егістік. Мұнда негізінен мал азығына арналған арпа, бидай, жүгері және мал азықтық шөптер өсіріледі. Қожалықта 10 адам еңбек етеді. Еңбеккерлердің айлығы 250-300 мың теңге аралығында.
Қожалық егіншілікпен қатар мал шаруашылығын да дамытып келеді. Бүгінде мұнда 350 бас ірі қара мен 500 жылқы өсіріледі. Жемшөп қоры жеткілікті. Астық сақтауға арналған 3 қойма бар. Жұмысшылардың есебінше, бір қоймаға 3 мың тоннаға дейін өнім сақтауға болады. Өткен жылы жиналған астықтың артығы Тәжікстан мен Өзбекстанға экспортталған.
Алғабас ауылдық округінің әкімі Әлішер Жұмабектің айтуынша, тәлімі жерлердің үлесі басым болғандықтан, өнім көлемі ауа райына тікелей байланысты.
– Биылғы өнім өткен жылмен салыстырғанда жақсы. Бірақ 2024 жылғы мол өнімнің көрсеткішіне жете алмадық. Себебі ол жылы ауа райы қолайлы болып, бітік өнім жиналған. Өткен жылы құрғақшылық салдарынан өнім аздау болды. Ал биыл жоспар бойынша жақсы болады деген болжам бар, – дейді округ әкімі.
Жалпы Көксу ауданында егістікке жарамды жер көлемі 31,4 мың гектар болса, оның 12,4 мың гектары – тәлімі алқаптар. Биыл дәнді дақылдар 8,8 мың гектар жерге егілген. Оның 3 мың гектары – бидай, қалғаны – арпа. Егін жинауға 50 арнайы техника жұмылдырылған. Осы уақытқа дейін 30 мың гектар алқап орылып, 54,5 мың тонна астық бастырылды. Орташа өнімділік гектарына 18,2 центнерді құрады.
– Өнімділік көрсеткіші әр шаруашылықтың мүмкіндігі мен жағдайына байланысты әртүрлі болуы мүмкін. Ауданда 48 астық қоймасы бар. Көктемгі, жазғы және күзгі дала жұмыстарына қажетті дизель отыны аудан бойынша орталықтандырылған тәртіппен бөлінеді. Биыл көктемде 42 шаруа қожалығы жеңілдетілген бағамен 220 тонна дизель отынын алып, егіс жұмыстарын уақытында бастады, – дейді аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Данияр Беліжанов.
Мемлекеттік қолдаудың тағы бір маңызды бағыты – техника паркін жаңарту. Ауданда бүгінде шамамен 1800 шаруа қожалығы жұмыс істейді. Оның 250-ге жуығы мал шаруашылығымен айналысады Мемлекеттік қолдаудың арқасында олардың басым бөлігі «Кең дала-2» бағдарламасы арқылы жеңілдетілген несие алып, өндірісін кеңейтуде. «Ұлан» шаруа қожалығында 2 комбайн, 8 трактор және 2 «КамАЗ» жүк көлігі бар. Комбайндар жеңілдетілген пайыздық мөлшерлемемен лизинг арқылы алынған. Нұржан Әлдибекұлының айтуынша, мұндай қолдау ауыл еңбеккерлері үшін үлкен көмек.
Диқаншылық – табандылық пен төзімділікті талап ететін кәсіп. Адал еңбек пен мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде олар ауыл шаруашылығының дамуына үлес қосып, ел ырысын еселеуде.
Еңлік Кенебай
Көксу ауданы





