Қазақстанда кемінде 40 жыл тынбай еңбек еткен азаматтар белгіленген жасқа жетпесе де, өз қалауы бойынша құрметті демалысқа шыға алады, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі зейнетақы жүйесін жаңғырту бағытында арнайы жұмыс тобын құрып, халықаралық тәжірибелерді сараптауға кірісті. Ұсынылып отырған реформалардың бірі – әлеуметтік сақтандыру құрамдасын енгізу. Мұнда басты назар жинақтың көлеміне емес, азаматтың жүйедегі қатысу мерзіміне аударылады. Осылайша, жүйеге тұрақты түрде қаржы аударған тұрғындар Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры тарапынан өмір бойы төленетін тұрақты төлеммен қамтамасыз етіледі.
Ең басты жаңалық – ұзақ жылдар бойы адал қызмет еткендерге берілетін мүмкіндік. Жұмыс стажы 40 жылдан асқан азаматтарға зейнет жасын өзі таңдау құқығы беріледі. Олар зейнетке ерте шыға алады немесе ешқандай шектеусіз кәсіби қызметін ары қарай жалғастыра береді.
«Зейнетақы жүйесін жаңартудың негізгі міндеті – Халықаралық еңбек ұйымының талаптарына сай, зейнеткерлердің бұрынғы табысының кемінде 40 пайызын қайтару және оларды өмір бойы үздіксіз төлемдермен қамтамасыз ету», – дейді министрліктің бас сарапшысы Әлібек Тоқтауов.
Парламент депутаттары ұсынған «4+1» тәсілі де қызу талқылануда. Аталған норма жұмыс берушілер төлейтін 5 пайыздық жарнаның 4 пайызын салымшының жеке шотында қалдыруды көздейді. Бұл жүйе қаражаттың ортақ бассейнге кетпей, азаматтың өз жинағын көбейтуге жағдай жасайды.
Сонымен қатар, сарапшылар «Сингапур моделін» енгізуді қарастыруда. Аталған механизм арқылы қазақстандықтар зейнетке шығуды күтпей-ақ, жинақталған қаржатты емделуге, сапалы білім алуға, тиімді шартпен баспаналы болуға немесе табысы жоғары жобаларға инвестициялауға жұмсай алады. Мұндай оңтайлы шешімдер халықтың әлеуметтік жағдайын осы бастан жақсартуға бағытталған.
Бұл өзгерістер еліміздегі азаматтардың тұрмыс сапасын көтеріп, адал еңбек еткен тұлғалардың әлеуметтік қорғалуын күшейтеді. Азаматтар өз құқықтарын біліп, еңбек өтілі мен зейнетақы аударымдарын жүйелі бақылап отырғаны дұрыс.





