Талдықорғандағы Достық үйінде облыстық мәслихаттың экономика, бюджет, құқықтық тәртіп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, депутаттық өкілеттіктер мен этика мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының ұйымдастыруымен облыстың коммуналдық меншігіндегі автокөлік құралдарын аукциондық сауда-саттық арқылы жекешелендіру мәселесіне арналған көпшілік тыңдау өтті.
Күн тәртібінде облыстың коммуналдық меншігіндегі жарамсыз, одан әрі пайдалануға экономикалық тұрғыдан тиімсіз автокөлік құралдарын аукциондық сауда-саттық арқылы жекешелендіру мәселесі шығарылып, облыстық қаржы басқармасының басшысы Жанар Керімбекова баяндама жасады. Ол өз сөзінде коммуналдық меншікті жекешелендіру рәсімі қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес жүргізілетінін айтып, бұл бағыттағы жұмыстардың негізгі кезеңдеріне тоқталды.
Айтуынша, Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңының 13-бабына сәйкес коммуналдық меншікті жекешелендіру туралы шешім қабылданар алдында міндетті түрде көпшілік тыңдау өткізіліп, жергілікті қоғамдастықтың пікірі ескеріледі. Онда жекешелендіруге ұсынылған объектілердің тізбесі, оларды иеліктен шығарудың құқықтық және техникалық негіздемелері, сондай-ақ рәсімге қатысты қажетті ақпарат толық көлемде орналастырылды.
Жанар Нұрқыдырқызы мемлекеттік мүлікті жекешелендіру рәсімі Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 9 тамыздағы №920 қаулысымен бекітілген «Жекешелендіру объектілерін сату қағидасына» сәйкес жүзеге асырылатынын айтты. Аталған қағидаға сәйкес жекешелендіру жұмыстары теңгерім ұстаушы мекемелердің өтініші негізінде басталады. Мұндай өтініштер мүліктің техникалық жағынан жарамсыздығы немесе оны одан әрі пайдаланудың экономикалық тұрғыдан тиімсіз екендігі дәлелденген жағдайда ғана қаралады.
Осыған сәйкес облыстағы мемлекеттік мекемелер мен кәсіп- орындар өз теңгеріміндегі автокөлік құралдарының техникалық жай-күйіне талдау жүргізіп, оларды коммуналдық меншіктен шығару жөніндегі ұсыныстарын қаржы басқармасына жолдаған. Ұсыныстарды қарау барысында әрбір көлік құралының техникалық жағдайы, пайдалану мерзімі, моральдық және физикалық тозу деңгейі, жөндеу шығындары мен экономикалық тиімділігі жан-жақты сараланған. Нәтижесінде әрі қарай пайдалануға жарамсыз деп танылған көлік құралдарын аукциондық сауда-саттық арқылы жекешелендіру жөнінде қорытынды жасалған. Облыс әкімдігі қаулысының жобасына енгізілген тізімге 73 автокөлік құралы кіріпті. Оның ішінде облыстық денсаулық сақтау басқармасына қарасты мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындарға тиесілі 27, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Жетісу облыстық полиция департаментіне қарасты 27, білім басқармасына қарасты ұйымдардың 10, табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасына қарасты орман шаруашылықтарының 7, облыстық филармонияның 1 және ветеринариялық стансысының 1 автокөлігі жекешелендіруге ұсынылған. Тізімге енгізілген көлік құралдарының басым бөлігі 2002-2015 жылдары шығарылған. Ұзақ жыл бойы пайдаланылған техникалардың моральдық әрі физикалық тұрғыдан тозуы, жиі жөндеуді қажет етуі және оларды ұстауға кететін шығын көлемінің артуы оларды әрі қарай пайдалануды экономикалық жағынан тиімсіз еткен. Сонымен қатар жол-көлік оқиғасынан кейін қалпына келтіруге келмейтін 2023 жылы шығарылған бір автокөлік те жекешелендіру тізіміне енгізілгені айтылды.
Жиынға қатысушылар жекешелендіру рәсімінің ашықтығы, аукцион өткізу тәртібі, көлік құралдарының техникалық жай-күйін бағалау талаптары және мемлекеттік мүлікті иеліктен шығару кезінде заңнаманың сақталуына қатысты сұрақтар қойды. Қаржы басқармасының басшысы Жанар Керімбекова қойылған барлық сауалға жан-жақты жауап беріп, жекешелендіру жұмыстары қолданыстағы заң талаптарына сәйкес ашық әрі жария түрде жүргізілетінін түсіндірді.
Көпшілік тыңдау қорытындысында коммуналдық меншіктегі жарамсыз, одан әрі пайдалануға экономикалық тұрғыдан тиімсіз автокөлік құралдарын Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында белгіленген тәртіппен аукциондық сауда-саттық арқылы жекешелендіру жөніндегі ұсыныс қолдау тапты. Жиында айтылған ұсыныстар мен пікірлер алдағы шешімдерді қабылдау барысында ескерілетіні айтылды.
Сарби ӘЙТЕНОВА





