«Қызылтас» саяжайы соңғы кездері халық қысы-жазы тұратын елді мекенге айналды. 2000 жылдың басында қабылданған «Қаладан ауылға» бағдарламасына сәйкес инфрақұрылымды қалыптастыруға көңіл бөліне бастады. Көпірлер салынып, электр желілері жаңартылды, көшеге жарық шамдары орнатылып, ауызсу құбырлары пайдалануға берілді. Бұл өте құптарлық жағдай.
2018 жылы Талдықорған қаласы әкімінің орынбасарымен кездесуде саяжайдағы негізгі орталық көшелердің ені 6 метрге тең екені анықталды. Ол өлшемдер архитектуралық және кадастрлық жобада нақтылай көрсетілгені әрі оны әркім өз қалауынша өзгертуге жол берілмейтіні түсіндірілген болатын. Өкінішке орай Қызылтас елді мекеніндегі көшелердің көрінісі шатқалда жүрген тауешкілердің жайылым жолдарына ұқсайды. Мысалы, Веселая көшесінің бас жағындағы өлшемдерге назар аударсақ қандай сандарды көреміз? Осындай өлшем барлық көшеге тән.
Қызықтың көкесі енді басталады. Осы қыңыр-қисық көшеге биыл асфальт төселді. Қуанышты жағдай. Бірақ қыруар қаражат жұмсалған көше жолдарының игілігін ауыл халқы көре алмайды. Себебі, ауыл ішіне автобус кірмейді, көшелердің алғашқы өлшемі бұзылғандықтан қоғамдық көліктің жүрісі шектелген. Жарайды, автобус кірді делік. Онда жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін кім қамтамасыз етеді? Ауа райы кейде жаңбырлы, тұманды болады. Қыста қарлы боран болып, жол тайғақ, мұзға айналады. Ондай жағдайда жас балалардың қауіпсіздігін қалай қамтамасыз етеміз?
Осы жерде: «Кім кінәлі?» – деген заңды сұрақ туындайды.
Біріншіден, қоғамдық мақсатқа арналған жол кеңістігін ашкөздікпен, пысықтықпен заңсыз қоршап алған тұрғындар кінәлі! Бұл мемлекеттік биліктің басқару жүйесін мойындамаумен пара-пар.
Екіншіден, мемлекеттік басқару құқығы бар мекемелердің енжарлығы. Яғни заңды ережелерді қатаң сақтауды қадағаламаған құзырлы маман орын алған кемшіліктерді дер кезінде жою шараларын қолданбаған.
Тоқ етері, осындай келеңсіз көріністерді 2018 жылдан бері қала басшыларына айта-айта шаршадым. «Сен саларда мен салар, атқа жемді кім салар?» дегендей, осы мәселенің оңды шешілуіне кім атсалысар екен?!
«Жау жағадан алғанда, ит балақтан» дегендей, саяжай кезбе, қаңғыбас иттерге толы. Рас, кейбір азаматтар итін жетектеп қыдыртады, бірақ тұмылдырықсыз. Сырттай жуас болып көрінгенмен, кейбір кезде жетелеген төбеттің арс ететін иттік мінез-құлқы оянбасына кім кепіл?! Оған дәлел Веселая көшесіндегі, №4 үйдің баласымен әңгімелесіп тұрғанымда иті қақпадан атып шығып, басыма секірді. Дер кезінде қолымды тосып үлгердім. Тісі қолыма батты. Мен ересек, егде тартқан адам болғандықтан иттің аузынан аман қалдым. Егер менің орнымда мектеп оқушысы немесе бүлдіршін сәби болса қайтеді? Қорқынышты.
«Ұшқыннан өрт шығады» деген. Осындай келеңсіз жағдайлар ушығып кетпей шешімін табуға облыс әкімі көңіл бөлер деп сенемін.
Құдайберген ТАРЫБАЙҰЛЫ,
Қызылтас елді мекенінің тұрғыны
Талдықорған қаласы






