Қазақстанда көлік тізгіндеген азаматтарға, әсіресе егде жастағы жүргізушілерге қойылатын талаптар айтарлықтай күшейеді, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Еліміздің Ішкі істер министрлігі таратқан мәліметке сүйенсек, 2026 жылдың 25 тамызынан бастап «Жол қозғалысы туралы» заңға енгізілген жаңа өзгерістер ресми түрде күшіне енеді. Ауқымды реформа жол-көлік оқиғаларын азайтуға, жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігін арттыруға бағытталған.
Заңнамалық түзетулерге сәйкес, елдегі жүргізушілер үшін бірқатар маңызды шектеулер мен міндеттер енгізіліп отыр:
-
Медициналық тексеру: 65 жастан асқан азаматтар мен мүгедектігі бар жүргізушілер әр 2 жыл сайын міндетті түрде медициналық тексеруден өтуге тиіс. Денсаулық сақтау министрлігі мен Ішкі істер министрлігі арасындағы электронды жүйе мәліметтерді автоматты түрде алмасады.
-
Көлік жүргізу құқығын тоқтату: Егер базада азаматтың медициналық тексеруден өткені немесе денсаулық жағдайы бойынша көлік айдауға рұқсаты расталмаса, оның куәлігінің қолданысы дереу тоқтатылады.
-
Қайта емтихан тапсыру: Жол жүру ережелерін өрескел бұзғандар теориялық емтиханды қайта тапсыруға жіберіледі. Бұған қиылыста қауіпті жағдай туғызу, жылдамдықты 2-3 рет қайталап асыру, маневр жасау мен тоқтау талаптарын бұзу сияқты әрекеттер киеді. Егер жүргізуші тиісті қаулы шыққан соң 1-2 ай ішінде емтиханға дәлелсіз себеппен келмесе, көлік басқару құқығынан айырылады.
Ішкі істер министрлігі өкілдерінің пайымдауынша, жас ұлғайған сайын адамның көру, есту қабілеті мен реакция беру жылдамдығы төмендейді. Медосмотрдан уақтылы өту – аға буын өкілдерінің өз денсаулығын қадағалауға, жолдағы күтпеген қауіптің алдын алуға мүмкіндік береді. Мұны егде азаматтардың құқығын шектеу емес, жалпы қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған оң қадам деп ұғынған жөн.
Сонымен қатар ережелерді бұзғандардың қайта теория тапсыруы – жүргізушілердің цифрлық сауаттылығы мен жол ережесі білімін жаңартуға септігін тигізеді. Өзге де маңызды жаңашылдық – мас күйінде көлік тізгіндегендерге жазаның қатаңдауы. Мұндай азаматтар жәбірленуші тараппен татуласқан жағдайда да, кем дегенде 8 жыл мерзімге көлік жүргізу құқығынан айырылады. Ал куәлігі жоқ тұлғаларға да 8 жыл көлемінде құжат алуға тыйым салынады.
Мемлекет тарапынан жасалып жатқан мұндай бақылау шаралары еліміздің жолдарындағы тәртіпті жақсартып, қайғылы оқиғалардың санын азайтады. Әрбір азаматтың заңға бағынуы – қауіпсіз қоғамның негізгі діңгегі.





