«Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген аталы сөздің астарында халқымыздың әділдікке деген ұстанымы жатыр. Елдің еңсесін тіктейтін де, мемлекеттің мерейін үстем ететін де – адалдық. Ал ар-ожданнан аттап, қара бастың қамын күйттеген жемқорлық қай дәуірде де қоғамның тамырына түскен жегіқұрт. Сондықтан бұл кеселмен күрес бүкіл жұртшылықтың ортақ парызы.
Осы өзекті мәселе Бейсен Құранбек атындағы Журналистер үйінде өткен баспасөз мәслихатында сөз болды. Жиында мемлекеттік қызмет саласындағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, мемлекеттік қызметшілердің әдеп қағидаларын сақтау және ішкі талдау жұмыстарының нәтижелері сараланды.
Брифингке Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыстық департаменті басшысының орынбасары Арыстан Асқарұлы қатысып, аймақтағы ахуалға жан-жақты тоқталды. Оның айтуынша, соңғы жылдары өңірде сыбайлас жемқорлық деректері біршама азайған.
Дегенмен мұны арқаны кеңге салуға негіз деуге болмайды. Өйткені, арам пиғылдың тамыры біржола қиылды деу асығыстық.
Спикер жемқорлықтың жазасы тек заң алдындағы жауапкершілікпен шектелмейтінін, оның адам тағдырына, отбасының берекесіне, азаматтың абыройына түсіретін салмағы әлдеқайда ауыр екенін айтты.
Пара алумен қылмыстық жауапкершілікке тартылған қызметкердің ешқайсысы да ұтқан емес. Мұндай әрекет адамның қызметімен бірге қадір-қасиетін де құрдымға жібереді. Заңсыз пайда таптым деген жан кейін еселеп айыппұл төлейді. Оның мөлшері заңсыз алынған қаражаттың немесе көрсетілген қызметтің құнынан 20-дан 80 есеге дейін жетеді. Айыппұлмен шектелген күннің өзінде мемлекеттік қызметке қайта оралу мүмкін болмайды. Сондықтан әрбір мемлекеттік қызметші заңды бәрінен биік қойып, тәртіп пен жауапкершілікті басты қағида етуі қажет. Бүгінде құзырлы органдардың бұл бағыттағы жұмысы жүйелі жүргізіліп келеді, – дейді Арыстан Асқарұлы.
Расында, жемқорлықтың зардабы жеке адаммен ғана шектелмейді. Ол халықтың билікке деген сеніміне сызат түсіріп, мемлекет қазынасын талан-таражға салады, елдің ертеңіне көлеңке түсіреді.
Жиын соңында облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Ермек Ақшабаев баспасөз мәслихатының мақсаты – қоғам санасында жемқорлыққа қарсы мүлдем төзбеушілік мәдениетін қалыптастыру екенін атап өтті. Оның айтуынша, заң үстемдік құрған жерде ғана әділет салтанат құрады. Сондықтан әрбір азамат бұл дертпен күресте шет қалмай, адалдық қағидатын өмірлік ұстанымына айналдыруы тиіс.
Қай заманда да елдің іргесін шайқалтатын кесапаттың бірі – жемқорлық. Одан арылудың бірден-бір жолы – заңға құрмет, арға адалдық және қоғам алдындағы жауапкершілікті терең сезіну. Сонда ғана халықтың сенімі нығайып, мемлекет тұғыры беки түспек.
Санжар Сұлтанғазы





