Қазақстанда 2026 жылғы 1 шілдеден бастап елді мекендерді абаттандырудың жаңа ережелері күшіне енді. Енді жеке тұрғын үй мен коммерциялық нысан иелері өз ауласымен қатар, қоршау немесе ғимарат айналасындағы 5 метрлік аумақтың тазалығына да жауап береді, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Жаңа талапқа сәйкес, аталған аумақта қоқыс, құрылыс материалдары, отын, тыңайтқыш, тіркемелер немесе ұзақ уақыт тұрған көліктерді қалдыруға болмайды. Егер мұндай заттар жеткізілсе, оларды мүмкіндігінше тез арада өз жер теліміне орналастыру қажет.
Сонымен қатар меншік иелері іргелес аумақты тазалап, арамшөптерді шауып, қыс мезгілінде қар мен мұзды уақытылы тазалауға, қоршау мен қасбетті күтіп ұстауға, сондай-ақ үйдің нөмірлік белгісінің сақталуын қамтамасыз етуге міндетті.
Құрылыс қалдықтарын тұрмыстық қоқыс контейнерлеріне тастауға немесе үй маңында қалдыруға тыйым салынады. Олар арнайы орындарға шығарылуы тиіс.
Айыппұл мөлшері:
- жеке тұлғаларға – 20 АЕК (86 500 теңге);
- шағын бизнес пен коммерциялық емес ұйымдарға – 30 АЕК (129 750 теңге);
- орта бизнеске – 40 АЕК (173 000 теңге);
- ірі бизнеске – 100 АЕК (432 500 теңге).
Ереже бір жыл ішінде қайта бұзылса, жаза қатаңдатылады.
Маңыздысы, егер үйдің жанына қоқысты басқа біреу тастап кетсе де, ол меншік иесінің жауапкершілік аймағында болса, оны тазалау міндеті сол үй иесіне жүктеледі. Көпқабатты тұрғын үйлерде бұл міндет ОСИ немесе басқарушы компанияларға тиесілі.
Жаңа талаптар Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 2026 жылғы 3 маусымдағы №282 бұйрығымен бекітіліп, 1 шілдеден бастап бүкіл ел аумағында қолданысқа енгізілді.





