Елімізде саяси науқанның маңызды кезеңі басталды. Бүгін сағат 18:00-ден бастап сайлау алдындағы үгіт жүргізу мерзімі ресми түрде ашылып, 22 тамыз сағат 00:00-де аяқталады, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Орталық сайлау комиссиясының отырысында ОСК мүшесі Ләззат Сүйіндік ағымдағы сайлау науқанына енгізілген маңызды заңнамалық өзгерістер туралы баяндады. Басты жаңашылдықтың бірі дауыс беру күні толтырылған сайлау бюллетенін фото және бейнежазбаға түсіруге, сондай-ақ оны желіде таратуға тыйым салынуы.
Ләззат Сүйіндіктің айтуынша, бұл норма саяси партияларды жария түрде қолдауды көрсететін қысымдарға жол бермеу үшін енгізілді. Ол азаматтардың еркін әрі жасырын дауыс беруін, сайлау процесіне қатысушылардың барлығы үшін тең жағдайларды қамтамасыз етеді.
Сонымен қатар сайлау науқанына қатысты мынадай маңызды шектеулер бекітілді:
- Ағымдағы сайлау науқаны үшін дайындалмаған бұрынғы немесе өзге де үгіт материалдарын пайдалануға тыйым салынады;
- Ел аумағынан тыс жерде үгіт материалдарын дайындауға және жасырын үгіт жүргізуге жол берілмейді;
- Шарттық негізде үгіт материалдарын орналастыру талабы өздерінің интернет-ресурстары мен онлайн-платформалардағы аккаунттарын пайдаланатын саяси партиялар мен кандидаттарға қолданылмайды.
ОСК мүшесі сайлау науқанын бұқаралық ақпарат құралдарында объективті түрде жария етудің маңыздылығын атап өтті. Кандидаттың немесе саяси партияның ар-намысына, қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне көрінеу нұқсан келтіретін материалдарды жариялауға болмайды. Егер мұндай жағдай орын алса, оларға теріске шығару хабарламасын дәл сондай көлемде тегін жариялау мүмкіндігі берілуі тиіс.
Сондай-ақ заң бойынша сайлау күні және оның алдындағы «тыныштық күні» кез келген үгіт-насихат жүргізу тоқтатылады.
Маңызды ескерту: Дауыс беру күнінің алдындағы 5-6 күн ішінде және дауыс беру күні бұқаралық ақпарат құралдарында немесе онлайн-платформаларда қоғамдық пікірге сауал салу нәтижелерін, сайлау нәтижелеріне қатысты болжамдарды немесе басқа де зерттеулерді жариялауға мүлдем жол берілмейді.
Саяси науқан аясында ОСК барлық қатысушылар үшін жүйелі түсіндіру семинарларын ұйымдастырды. Алдағы сайлаудың ашық, әрі әділ өтуі әрбір азаматтың заңдылықты сақтауына байланысты.





