Қоғам үздіксіз дамыған сайын оларды құқықтық тұрғыдан реттейтін сапалы заңдарға сұраныс арта түседі. Сондықтан Құрылтайдың негізгі міндеті – уақыт талабына жауап беретін, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғайтын, мемлекеттің тұрақты дамуына қызмет ететін заңдарды қабылдау.
Заң шығару – кез келген мемлекеттің ең маңызды қызметтерінің бірі. Мемлекеттің экономикалық дамуы, әлеуметтік тұрақтылығы, инвестициялық ахуалы, азаматтардың құқықтарының қорғалуы мен мемлекеттік басқарудың тиімділігі қабылданатын заңдардың сапасына тікелей байланысты. Осы тұрғыдан алғанда Құрылтай заң шығару қызметінің сапасын арттыруға бағытталған маңызды саяси институт.
Тағы бір артықшылығы – заң шығару процесіндегі жауапкершілікті күшейтуінде. Әрбір депутат халықтың сенімімен сайланып, қабылданатын әрбір заңның сапасы үшін тікелей жауап береді. Сондықтан депутаттардың кәсіби біліктілігі, саяси жауапкершілігі бұрынғыдан да жоғары деңгейде болуы тиіс. Бұл өз кезегінде заңдардың сапасын арттырып, құқықтық жүйенің тұрақты дамуына негіз. Құрылтай заң шығару қызметінің ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Заң жобалары қоғамдық талқылаудан өтіп, сарапшылардың, ғылым өкілдерінің, азаматтық қоғам институттарының және түрлі қоғамдық ұйымдардың ұсыныстары ескеріледі.
Саяси институт ретінде Құрылтай билік пен қоғам арасындағы байланысты нығайтуға ықпал етеді. Халықтың талап-тілегі мен ұсыныстары заң шығару барысында ескеріліп, мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттары қоғамдық сұранысқа сәйкес қалыптасады. Нәтижесінде азаматтардың мемлекетке деген сенімі артып, заң үстемдігі қағидаты нығая түседі.
Құрылтайдың қызметі тек заң қабылдаумен ғана шектелмейді. Ол мемлекеттік саясаттың басым бағыттарын айқындауға, құқықтық реформаларды жетілдіруге, қоғамдағы өзекті мәселелерге құқықтық тұрғыдан баға беруге және ұзақмерзімді даму стратегияларын заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етуге ықпал етеді. Сондықтан Құрылтайдың қабылдайтын әрбір шешімі қоғамның барлық саласына әсер етеді. Сонымен бірге Құрылтай саяси мәдениеттің қалыптасуына да ықпал етеді. Заң үстемдігі, жариялылық, ашықтық, пікір алуандығы және қоғамдық жауапкершілік қағидаттарының нығаюы демократиялық институттардың дамуына жол ашады. Бұл азаматтардың саяси белсенділігін арттырып, мемлекеттік шешімдерге деген сенімді күшейтеді. Құрылтай елдің ұзақмерзімді дамуына, қоғамдық тұрақтылықтың сақталуына және әрбір азаматтың құқықтары мен заңды мүдделерінің қорғалуына берік негіз қалайды.
Шалқар ТАЛДАНБАЕВ,
облыстық соттың судьясы





