Жасөспірімдердің репродуктивті денсаулығын қорғау, отбасы институтын нығайту мәселелері облыстық әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның отырысында кеңінен талқыланды.
Жасөспірімнің болашағы – отбасының ғана емес, тұтас қоғамның жауапкершілігі. Бүгінгі таңда жастарға дұрыс бағыт-бағдар беру, олардың денсаулығы мен қауіпсіздігін қорғау, отбасылық құндылықтарды бойына сіңіру маңызды мәселеге айналды. Әсіресе ерте жүктіліктің алдын алу мәселесінде медициналық көмектің қолжетімділігімен қатар, отбасындағы тәрбие мен білім беру ұйымдарындағы жүйелі түсіндіру жұмыстарының орны ерекше.
Облыс әкімінің орынбасары Диас Есдәулетовтің төрағалығымен өткен комиссия отырысында айтылған мәліметтерге сүйенсек, облыста кәмелетке толмағандар арасындағы ерте жүктілік көрсеткіші төмендеген.
Бұл – алдын алу бағытындағы жұмыстардың маңызын көрсететін оң өзгеріс. Дегенмен, мәселе толық шешілді деуге әлі ерте. Әрбір деректің артында жасөспірімнің денсаулығы, психологиялық жағдайы, білімі мен келешегі тұрғанын ескерген жөн.
Отырыста денсаулық сақтау басқармасы мен білім беру саласының өкілдеріне бірқатар нақты тапсырма берілді. Атап айтқанда, биыл тіркелген әрбір жағдайға медициналық-әлеуметтік талдау жүргізіп, оның себептері мен тәуекел факторларын зерделеу, жасөспірімдерге көрсетілген көмектің нәтижесін анықтау міндеттелді. Сондай-ақ тиісті ақпаратты 1 желтоқсанға дейін облыстық комиссияға ұсыну тапсырылды.
Диас Рахметұлы бұл бағыттағы жұмысты тек медициналық мекемелердің міндеті ретінде қарастыруға болмайтынын атап өтті. Оның айтуынша, жасөспірімдердің репродуктивтік сауаттылығын қалыптастыруда білім беру ұйымдары мен ата-аналардың жауапкершілігі айрықша. Сондықтан мектептердегі тәрбие жұмыстары формалды іс-шаралармен шектелмей, нақты нәтижеге бағытталуы қажет.
Облыстық білім басқармасына профилактикалық жұмыстарды жүйелі ұйымдастыру, жүктілік фактісі анықталған әрбір кәмелетке толмаған жастың әлеуметтік жағдайын зерделеу және баланың білім алу құқығын қамтамасыз ету жөнінде тапсырмалар берілді. Ата-аналармен түсіндіру жұмыстарын тұрақты жүргізу де назардан тыс қалмауы тиіс.
Өз кезегінде денсаулық сақтау ұйымдары жасөспірімдерге медициналық және психологиялық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз етуі қажет. Ал құқық қорғау органдарына кәмелетке толмағандарға қатысты әрбір жағдайды заң аясында қарап, құқықбұзушылық белгілері болған жағдайда тиісті шара қабылдау міндеті жүктелді.
Облыс әкімінің орынбасары аудан және қала әкімдіктеріне де нақты міндеттер белгіледі. Әсіресе көрсеткіштері жоғары аудандар мен Талдықорған қаласында ерте және қаламаған жүктіліктің алдын алу мәселесін жеке қарастырып, кемшіліктерді жоюға бағытталған шаралар қабылдау тапсырылды. Әрбір жағдайға жеке талдау жүргізіп, тәуекел тобындағы жасөспірімдерге әлеуметтік қолдау көрсету және ата-аналармен жұмысты күшейту қажеттігі айтылды.
Жиында сөз алған облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Бауыржан Әбибековтің мәліметінше, биыл облыста отбасылық құндылықтарды дәріптеу және әке институтын дамытуға бағытталған екі жоба жүзеге асырылған. Олардың аясында мектептер мен колледждерде дәрістер, отбасылық және буынаралық кездесулер ұйымдастырылған.
«Аналар мектебі», «Әкелер одағы» бастамалары, республикалық Әкелер форумы, «Мерейлі отбасы» байқауы және түрлі тәрбиелік жобалар қолға алынған. Жастарға психологиялық көмек көрсету бағытында да жұмыстар жүргізілуде.
Отбасылық мәселелер бойынша мамандарға жүгінген жас отбасылардың бірқатарына медиациялық қолдау көрсетіліп, ажырасу туралы шешімдерін қайта қарауға ықпал етілген.
Алайда отбасы құндылығын насихаттау тек мерекелік шаралар мен байқаулар өткізумен шектелмеуі керек. Бала тәрбиесіндегі әке мен ананың ортақ жауапкершілігі күнделікті өмірде көрініс табуы тиіс. Жасөспірім ата-анасымен ашық сөйлесе алатын, өзіне қажетті ақпаратты сенімді мамандардан ала білетін орта қалыптастыруы қажет.
Осыған байланысты Диас Рахметұлы бірқатар бағытты күшейтуді тапсырды. Атап айтқанда, жоғары оқу орындары мен колледждерде отбасы құндылықтары, жауапты ата-аналық және отбасылық қарым-қатынас мәдениеті бойынша жаңа форматтағы кездесулер өткізу, жастардың өздері бастамашы болатын жобаларды қолдау қажеттігін айтты. Сондай-ақ әр аудан мен қалада Аналар кеңесі мен Әкелер одағының нақты жұмыс жоспарын бекітіп, тұрақты кездесулер мен қоғамдық бастамаларды ұйымдастыру міндеттелді. Әсіресе әкелердің бала тәрбиесіндегі рөлін арттыруға басымдық берілді. Қоғамдық ұйымдардың әлеуметтік жобаларын қаржыландыру кезінде олардың нақты нәтижесіне назар аудару, бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде отбасылық құндылықтарды, гендерлік теңдікті және ата-ананың ортақ жауапкершілігін насихаттайтын ақпараттық жұмыстарды жандандыру қажеттігі айтылды. Жергілікті басылымдарда ерте жүктіліктен сақтандыру, денсаулыққа зиянын маман тілімен жеткізу барысында бейне түсірілімдер, мақалалар жариялап, оны көпшілікке таратуға барынша көңіл бөлу тапсырылды.
Әр аудан мен қалада атқарылған жұмыстарға тұрақты мониторинг жүргізіліп, жастарды қамту, Аналар кеңесі мен Әкелер одағының белсенділігі және қоғамдық бастамалардың нәтижесі бағалануы тиіс.
Шын мәнінде, ерте жүктіліктің алдын алу – бір ғана мекеменің немесе бір ғана маманның міндеті емес. Бұл – ата-ана, мектеп, медицина қызметкері, психолог, құқық қорғау органдары мен қоғам бірлесе атқаратын жұмыс. Жасөспірімге тыйым салумен ғана шектелмей, оның саналы шешім қабылдауына мүмкіндік беретін тәрбие мен дұрыс ақпарат беру маңызды. Өйткені алдын алу жұмысының нәтижесі өткізілген кездесулердің санымен емес, жасөспірімнің өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауымен, ата-анасымен ашық сөйлесе алуымен және болашағына саналы көзқарас қалыптастыруымен өлшенеді.
Гүлжан ТҰРСЫН






