Жазушы әрі саясаттанушы Бақытжан Бұқарбай гаджеттерге шамадан тыс тәуелділік жастардың күрделі ақпаратты қабылдау және оны терең талдау қабілетін әлсіретіп жатқанын мәлімдеді, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Бүгінгі таңда цифрлық технологиялардың қарқынды дамуы жастардың ойлау жүйесі мен танымдық қабілетіне айтарлықтай ықпал етуде. Осы мәселені көтерген сарапшы студенттермен кездесуде болған нақты жағдайды мысалға келтірді. Алматыдағы жоғары оқу орындарының бірінде өткен жиынға 60-70 студент қатысқан. Кеш барысында саясаттанушы жастардан соңғы бір жылда қанша кітап оқығандарын сұраған. Өкінішке қарай, тіпті бір кітап оқыдым деген бірде-бір студент табылмады.
Күрделі, бірнеше қырынан талдауды қажет ететін тақырыптарды қозғаған кезде жастардың назары небәрі 15 секундқа аралығында ғана сақталады. Одан кейін зейіні шашырап, ақпаратты қабылдау деңгейі төмендейді. Аудиториямен мазмұнды пікірталас жүргізудің қиындауы тек кітап оқу мәдениетінің төмендеуінен емес, сонымен бірге виртуалды әлемнің кері әсерінен орын алуда.
Осы түйткілді шешу үшін сарапшы 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желілерге тіркелуіне заң жүзінде шектеу енгізуді ұсынып отыр. Мұндай бастама кітап оқуға, білім алуға, шығармашылықпен айналысуға және адамдармен тікелей араласуға мүмкіндік беретін қолжетімді орталар құрумен қатар жүзеге асырылуы тиіс. Бұл қадам жас ұрпақтың цифрлық сауаттылығын арттырып, экранға байлану ұзақтығын азайтуға септігін тигізеді.
Сарапшының дәрістерінен кейін кейбір студенттер смартфондағы экран алдында өткізетін уақытын тексеріп көрген. Нәтижесінде олардың тәулігіне 15-16 сағатқа дейін желіде отыратыны белгілі болды. Бұл дегеніміз – азаматтардың саналы өмірінің басым бөлігі экран алдында өтеді деген сөз.
Мәселені шешудің тиімді жолы – тек тыйым салу емес, сонымен бірге балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру. Сонымен қатар ата-аналардың да баламен қарым-қатынасын нығайтып, цифрлық гигиенаны бірге сақтауы оң нәтиже береді. Жастардың кітапқа деген сүйіспеншілігін қайта ояту – ел болашағы мен білімді ұрпақ қалыптастырудың басты кепілі.





