Отандық футбол нарығында жекеменшік басқаруға көшетін клубтардың қатары толығуда. Ел футболындағы кезекті маңызды жаңалық ретінде талдықорғандық «Жетісу» футбол клубының жеке инвестордың қарамағына берілуі айтылып отыр. Дереккөз мәліметінше, Жетісу облысының әкімдігі мен сингапурлық International Cement Investment Company компаниясының жергілікті өкілдігі – «ALACEM» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арасында өзара уағдаластыққа қол жеткізілген, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпарттық порталы amanvibe.kz сайтына сілтеме жасап.
Бұған дейін сингапурлық International Cement Investment Company корпорациясы «Жетісу» клубының әлеуетті инвесторы ретінде қарастырылып келген еді. Алдын ала жүргізілген келіссөздердің қорытындысы бойынша тараптар тиісті келісімшарт жасасу жөнінде ортақ шешімге келді. Жақын уақытта қос тарап ресми меморандумға қол қоюды жоспарлап отыр. Қол жеткізілген уағдаластыққа сәйкес, «Жетісу» ерлер командасы толықтай «ALACEM» серіктестігінің басқаруына өтеді.
Түсіндіре кетсек, кәсіби футбол клубын жеке инвесторға беру бюджет қаражатын үнемдеп, клуб менеджментін заманауи талаптарға сай жаңғыртуға мүмкіндік береді. Жекеменшік басқару жағдайында демеушілер команданың материалдық-техникалық базасын нығайтып, нәтижелі ойын көрсетуіне тікелей мүдделі болады. Аталған өзгеріс тек негізгі құрамға ғана қатысты екенін ескерген жөн. Келісім талаптары бойынша әйелдер командасы мен балалар-жасөспірімдер футболын қаржыландыру әкімдіктің құзыретінде қала береді. Демек, жергілікті жас таланттарды тәрбиелеу мен бұқаралық спортты қолдау ісі мемлекет тарапынан үздіксіз жалғасады.
Жетісу өңірінің жанкүйерлері үшін аталған жаңалық сүйікті команданың жаңа белеске көтерілуіне деген үмітті арттырады. Шетелдік инвестиция тарту арқылы клубтың бәсекеге қабілеттілігі күшейіп, ел біріншілігінде жоғары орындардан көрінуіне қолайлы жағдай жасалмақ. Сонымен қатар бұқаралық спорт пен жасөспірімдер футболына бөлінетін мемлекеттік қолдаудың сақталуы болашақ чемпиондарды даярлауға берік негіз қалайды.






