Жетісу облысында тұтынушының бұзылған құқығы сотқа дейін қалпына келтіріліп, тоқтатылған мерекелік іс-шара үшін төленген қомақты қаражат иесіне қайтарылды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Отбасылық мерекелік шараны алдын ала жоспарлаған жергілікті тұрғын өңірдегі мейрамханалардың біріне 1 млн теңге көлемінде төлем жасаған. Алайда отбасылық жағдайларға байланысты аталмыш шараны өткізу кейінге қалдырылып, тоқтатылды. Әйел бұл өзгеріс туралы кәсіпкерге белгіленген мерзімнен екі ай бұрын хабарлаған. Соған қарамастан, кәсіпкер қаржыны қайтарудан бас тартып, оны кепілақы ретінде ұстап қалған. Тараптар арасында ресми жазбаша шарт жасалмай, қаражаттың қайтарылмайтыны туралы ескерту жасалмағандықтан, азаматша тығырыққа тірелген.
Мәселені өз бетінше шеше алмаған тұтынушы Жетісу облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жүгінуді жөн көрді. Ведомство мамандары өтінішті жан-жақты зерделеп, кәсіпкерге түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Департамент қызметкерлері дауды бейбіт жолмен шешу мақсатында кәсіпкерге талап-арыз жолдап, тұтынушының құқықтарын түсіндірді. Нәтижесінде кәсіпкер қателігін түсініп, азаматшаға 1 000 000 теңгені толық көлемде ерікті түрде қайтарды. Сот процестерінсіз шешілген оқиға құқықтық көмекке уақтылы жүгінудің маңызын айқын көрсетеді.
Мамандар тұтынушыларға кез келген қызмет көрсету орнымен келісімшарт жасасу қажеттігін қатаң ескертеді. Құқықтарыңыз бұзылған жағдайда тиісті органдарға дер кезінде хабарласып, әділдікке қол жеткізуге толық мүмкіндік бар.





