1 қыркүйектен бастап Қазақстанда педагогтерді аттестаттаудың жаңа пилоттық жобасы іске қосылады, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
ҚР Оқу-ағарту министрлігінің №159-НҚ бұйрығына сәйкес, бұл бастама 2026 жылғы 31 желтоқсанға дейін сынақ ретінде қолданылады. Бұл бұрыннан келе жатқан жүйені толығымен жою емес, мұғалімнің күнделікті еңбегін әділ бағалауға бағытталған маңызды қадам.
Пилоттық жобаға кімдер қатысады?
Сынақ жобасы барлық мұғалімді бірдей қамтымайды. Жаңа тәртіп негізінен мына екі санатқа арналған:
-
Педагогтердің білімін бағалаудан (ПББ) бірінші рет өте алмай, шекті балл жинай алмаған мұғалімдер;
-
Тестілеуге тіркеліп үлгермеген немесе тест тапсырмаған, бірақ кезекті және мерзімінен бұрын аттестаттаудан өтуі тиіс мамандар.
Ең басты қуанышты жаңалық – бұрын берілген біліктілік санаттары автоматты түрде жойылмайды. Олар белгіленген мерзімі аяқталғанша толық сақталады.
Бағалау қалай жүргізіледі?
Жаңа жүйе «Ұстаз» ұлттық платформасындағы педагогтің кәсіби цифрлық бейініне сүйенеді. Енді мұғалімдерге қағаз бастылықтан арылуға мүмкіндік туып отыр. Пилоттық жоба аясында эссе жазу, авторлық бағдарлама әзірлеу немесе қосымша оқу-әдістемелік материалдар жинау талап етілмейді.
Платформада мұғалімнің мынадай деректері сарапталады:
-
Білімі, еңбек өтілі мен біліктілікті арттыру курстары;
-
Сабақ беру сапасы мен педагогикалық қызметті бақылау нәтижелері;
-
Оқушылардың білім сапасы, олимпиадалар мен конкурстардағы жетістіктері;
-
Әріптестерге көрсететін кәсіби қолдауы мен тәрбие жұмысының нәтижесі.
Енді ПББ тестінің нәтижесі шешуші фактор саналмайды. Аттестаттау комиссиясы мұғалімнің жыл бойы атқарған нақты жұмысы мен нәтижесіне басымдық береді.
Аттестаттан өте алмаған жағдайда не болады?
Комиссия тек екі түрлі шешім шығарады: мәлімделген санатқа «сәйкес келеді» жеңісі немесе «сәйкес келмейді» қорытындысы. Егер мұғалім кезекті аттестаттаудан өте алмаса, оның цифрлық бейініндегі дәлелдерге қарап, қолданыстағы санаты сақталуы немесе бір сатыға төмендеуі мүмкін. Ал мерзімінен бұрын жоғары санатқа өтініш бергендер өте алмаса, бұрынғы санатын сақтап қалады. Кайта тапсыру мүмкіндігі келесі аттестаттау кезеңінде беріледі.
Біліктілік санаты жалақыға қалай әсер етеді?
Жаңа жүйе мұғалімдердің еңбегін материалдық тұрғыдан ынталандыруды көздейді. Біліктілік санаты бар педагогтердің лауазымдық айлықақысына мынадай үстемеақы қосылады:
-
«педагог-модератор» – 30%;
-
«педагог-сарапшы» – 35%;
-
«педагог-зерттеуші» – 40%;
-
«педагог-шебер» – 50%.
Сондай-ақ нақты жалақы мөлшері оқу жүктемесіне, еңбек өтіліне және заңда көрсетілген өзге де төлемдерге байланысты есептеледі.





