Елде қылмыстық істер бойынша мемлекетке келтірілген шығынды қайтару бағытында прокуратура органдарының жұмысы күшейтілді, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметі cоңғы екі жылда қаралған қылмыстық істер аясында қазынаға 66,5 млрд теңге көлемінде зиян келтірілгенін мәлім етті. Осы соманың 30,1 млрд теңгесі уақытында өндірілмей, қаржылық шығын ретінде тіркелген. Бас прокуратура жүргізген арнайы талдау бұл жағдайдың басты себебін анықтауға мүмкіндік берді: уәкілетті мемлекеттік мекемелер шығынды өндіру туралы талап қоюларды сотқа созбалаңға салып, кешіктіріп жіберген.
Мемлекеттің мүліктік мүддесін қалпына келтіру үшін қазіргі таңда кешенді әрі жүйелі шаралар қолға алынған. Прокурорлар жалпы сомасы 30,1 млрд теңгені құрайтын 6 ұсыну, 3 наразылық ұсынып, сотқа 27 талап қою енгізді. Заңды әрекеттердің нәтижесінде бүгінгі күнге дейін 651 млн теңге мемлекет кірісіне нақты өндіріліп, қазынаға түсті. Қалған қаржыны өндіріп алу мәселесі бойынша сот процестері белсенді түрде өтуде.
Залалды қайтарудың нақты мысалы ретінде Қызылорда облысында орын алған оқиғаны айтуға болады. Тексеру барысында екі азаматтың ақпараттық жүйеге өтірік мәліметтер енгізіп, 63 автокөліктің техникалық құжаттарын заңсыз өзгерткені әшкереленді. Бұл заңсыздық салдарынан бюджетке 16 автокөлік бойынша 115,3 млн теңге кедендік төлем түспеген. Сонымен қатар 63 автокөлікті бастапқы мемлекеттік тіркеуден өткізу үшін төленуі тиіс 460,6 млн теңге алым жасырылған. Прокуратураның араласуынан кейін жауапты орган сотқа арызданып, нәтижесінде 575,9 млн теңге мемлекет пайдасына толық өндірілді.
Құқық қорғау органдарының басты мақсаты – тек заң бұзушылықты анықтау емес, келтірілген зиянның орнын толтырып, әрбір теңгені халық игілігіне бағыттау. Бұл бағыттағы тексерулер мен өндіріп алу жұмыстары алдағы уақытта да жалғасады.





