Футболдан ел чемпионатының екінші айналымы басталғанына көп болған жоқ. «Жетісудың» жағдайы әр ойын сайын төмендеп, қауқарсыз ұжымға айналғандай. Ал бәрін қарастырып, жағдайын жасап беріп отырған облыс басшылығы, спорт басқармасы клубтан жұмсалған қаржының есебін ала аламай отырғанына екі аптадан асты. Клуб директоры Марк Гурман телефонын алмайды, жазса жауап бермейді. Оны іздеушілер көбейген, ал көргендер жоқ. Ол қайда?
«Жетісудың» кейінгі ойындары жанкүйердің көңілінен шығып жатпағандығы анық. Фанаттар жиналып бір «сілкініс» жасауға әрекеттенген. Алайда, клуб басшысын жанкүйерлерді қойып, облыстағы спортты басқарып отырғандар және оның айналасындағылар таппай отыр. Командасының жаттығуын төбеде кофе ішіп отырып қарайтын Марк Гурман, дене шынықтыру және спорт басқармасындағылар қаржының есеп-қисабын сұраған күннен бері төбе көрсетпеген. Күн сайын іздеп келеді, бірақ ол жоқ. Сіз қайдасыз, Марк мырза?
Жетісу облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы шамамен 3 миллиард теңге көлемінде бөлінген мемлекеттік тапсырыс бойынша қажетті есепті ала алмай отыр. Мемлекеттік тапсырысты реттейтін техникалық шарттарға сәйкес, клуб бөлінген бюджет қаражатының игерілуі мен жұмсалуы туралы тұрақты түрде есеп беріп отыруға міндетті. Алайда, бұл талап орындалмай отыр. Директордың үнсіз жоғалып, өзін тасалауы да бұл жағдайды ушықтырып жіберді. Бүгінде ресми хат түскен. Басқарма енді заң жүзінде іске кірісіп, сол арқылы есеп алмақ.
Марк Гурман «Жетісу» футбол клубының директоры болып 2025 жылдың қаңтарында тағайындалды. Өткен маусымда команда 12-орын (26 ойын, 4 жеңіс, 9 тең кездесу, 13 жеңіліс – 21 ұпай) алды. Ал биылғы маусымда көрсеткіш күрт төмендеп, жағдай шатқаяқтап кетті. «Жетісу» 22 кездесуден кейін (4 жеңіс, 7 тең, 11 жеңіліс) 15-орында тұр. Одан кейін 17 ұпаймен «Ертіс» келеді. Маусым басында ондықта аяқтаймыз деген команда, Премьер-лигамен қош айтысуы да мүмкін. Бар болғаны 8 ойын қалды. Сол аралықта жағдайды тұрақтандырмаса, онда келесі маусымды «Жетісу» Бірінші лигада өткізеді.
Биыл «Жетісу» үшін маусым оңайға соққан жоқ. Алдыңғы маусымдарда алып-сату ережесін бұзғаны үшін мамырда ФИФА трасфер жасауға рұқсат бермеген. Сондықтанда болар екінші айналымда титықтап қалды. Қайрат Нұрдәулетов жаттықтыратын команда бар ойыншысымен ойнап келеді. Әлеуметтік желідегі инсафдерлік ақпараттарға сүйенсек, келесі маусымда Қайрат Нұрдәулетов болмайды. Ол осы маусымды аяқтап, командамен қош айтысады.
«Жетісу» футбол клубының төңірегіндегі жаңалықтар дәл қазір ақпарат құралдарының негізгі бетінен түспей тұр. Марк Гурманның да хабар-ошарсыз кетуі көңілге көп күдікті ұялатқандығы анық. Іспен бүгінде заң өкілдері айналысып жатыр. Біздің келесі қадам – ресми ақпаратты күту.
Серік ҚАНТАЙ





