Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада АҚШ Конгресі Өкілдер палатасының делегациясын қабылдап, екі ел арасындағы стратегиялық серіктестік пен саяси диалогтың маңыздылығын атап өтті, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Мемлекет басшысы АҚШ Өкілдер палатасының Бюджет және салық жөніндегі комитет төрағасы Джейсон Смит бастаған конгрессмендерді қабылдап, бұл кездесудің елдегі бір палаталы Құрылтай сайлауымен тұспа-тұс келуінің символдық мәні зор екенін айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің сөзінде Парламент сайлауы еліміздегі саяси жаңғырудың жаңа кезеңіне жол ашқан тарихи оқиға екеніне тоқталды. Жаңарған жүйе бойынша жұмыс істейтін бір палаталы Құрылтай заң шығару үдерісінің тиімділігін арттырып, сапалы шешімдер қабылдауға зор мүмкіндік береді.
Президенттің пікірінше, АҚШ Конгресі мен Қазақстан Құрылтайының депутаттары арасындағы мазмұнды байланыс екіжақты серіктестікті нығайтудың негізгі арқауына айналады. Бүгінде қос мемлекет арасындағы байланыстар сауда-экономика, инвестиция, озық технологиялар, ғылым және білім салаларында қарқынды дамып келеді.
«Мемлекет басшысы Президент Дональд Трамппен конструктивті әрі сенімді диалогтың арқасында екі елдің қарым-қатынасы бұрын-соңды болмаған деңгейге көтерілгенін жеткізді», – делінген Ақорданың ресми хабарламасында.
Америкалық делегацияны бастап келген конгрессмен Джейсон Смит Қасым-Жомарт Тоқаевқа арнайы қабылдағаны үшін алғыс білдіріп, АҚШ Президентінің жеке ыстық сәлемін жеткізді. Ол сапар алдында Дональд Трамппен телефон арқылы сөйлескенін тілге тиек етті.
Джейсон Смит АҚШ басшысының екі ел арасындағы сенімді қарым-қатынасқа өте риза екенін және Президент Тоқаевты Майамиде өтетін G20 саммитіне күтетінін атап өтті. Сапардың басты мақсаты – Қазақстан мен Америка Құрама Штаттары арасындағы экономикалық байланыстарды кеңейту және жаңа инвестициялық жобаларға жол ашу.
Өз кезегінде Мемлекет басшысы Майамиге жоспарланған алдағы сапары Қазақстан мен АҚШ арасындағы кеңейтілген стратегиялық серіктестікке соны серпін беретініне сенім білдірді. Жаһандық геосаяси өзгерістер кезеңінде мұндай диалогтар еліміздің экономикалық тұрақтылығын сақтауға және халықаралық аренадағы беделін нығайтуға көмектеседі.
Екіжақты тиімді ынтымақтастық отандық нарыққа жаңа технологиялар тартып, елімізде 15-20 мыңдай жаңа жұмыс орнын ашуға ықпал етеді.





