Бейсен Құранбек атындағы Журналистер үйінде «Білім беру объектілерінің жаңа оқу жылының басталуына дайындығы туралы» баспасөз мәслихаты өтті. Жетісу облысы Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Самат Ахметов өңірдегі білім беру мекемелерінде өткізілген мониторинг нәтижелері туралы баяндады.
Спикердің мәлімдеуінше, мониторинг жұмыстары Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің ерекше бақылау және қадағалау объектілеріне бару арқылы мониторинг жүргізу туралы №2 қаулысы негізінде ұйымдастырылды. Аумақтық басқармалар 1 маусым мен 1 шілде аралығында облыс аумағында орналасқан білім беру ұйымдарының 2026-2027 оқу жылына дайындығына кешенді тексеру жүргізді. Облыс бойынша 312 мектеп тексерістен өтті.
Мониторинг қорытындысы нәтижесінде білім беру ұйымдарында санитариялық-эпидемиологиялық талаптар біршама бұзылған. Атап айтқанда, тексерістен өткен 312 мектептің 162-сінде кемшілік тіркеліп, анықталған бұзушылықты жою туралы оларға тиісті нұсқама берілген. Сондай-ақ санитариялық-эпидемиологиялық қорытындының болмауына байланысты 10 мектепке қатысты жедел ден қою шараларын қолдану туралы қаулы шығарылды.
Білім ордаларының ас блогына келетін болсақ, 80-ге жуық мектепте талаптардың бұзылуы анықталды. Мониторинг қорытындысы бойынша ас блогын жалға алушы жеке кәсіпкерлерге бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілді. Ал облыстағы 9 мектеп-интернаттың мекеме басшыларына кемшіліктерді жою туралы тапсырма берілген.
Баспасөз мәслихатында берілген нұсқамалардың орындалуы тұрақты бақылауда тұрғаны атап өтілді.
Қазіргі таңда мектеп асханаларына берілген 81, мектеп-интернаттарға берілген 7 нұсқама толық орындалды. Ал мектептерге берілген 162 нұсқаманың 147-сі орындалды, 5-еуі ішінара орындалып жатыр, 6 нұсқаманың мерзімі қыркүйек айына белгіленген. Өкінішке қарай, 4 мектеп бойынша әлі ақпарат ұсынылған жоқ, бұл мәселе біздің тікелей бақылауымызда. Біздің басты мақсатымыз – жаңа оқу жылы басталғанға дейін қалған кемшіліктердің толық жойылуын қамтамасыз ету, – дейді Самат Ахметов.
Мақпал Әділханқызы





