Смартфон арқылы бірнеше секундта ақша аудару, онлайн қызметті пайдалану, әлеуметтік желі арқылы байланысу қалыпты өмір салтына айналғалы оның көлеңкелі тұсы да күшеюде. Интернет-алаяқтық, жеке деректі ұрлау, жалған инвестициялық жобалар, дропперлік секілді қылмыс түрлері азаматтардың қаржысына, қауіпсіздігіне және тағдырына әсер ететін қауіп. Бұл мәселенің бүге-шүгесіне Бейсен Құранбек атындағы Журналистер үйінде өткен брифингте Жетісу облысы ПД киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі Ернат Абдрахимов тоқталды.
Жетісуда 2026 жылдың 25 тамызына дейін аталмыш қылмыс бойынша 289 факті тіркелген. Бұл былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 14,5 пайызға төмен. Ауыр санаттағы қылмыс саны азайып, 80-нен 64 дерекке дейін төмендеген.
Полицияның мәліметінше, мұндай нәтижеге киберқылмысқа қарсы бағытта жүргізіліп жатқан профилактикалық және түсіндіру жұмыстары да ықпал еткен. Дегенмен қылмыс санының азаюы мәселе толық шешілді дегенді білдірмейді.
Киберқылмыстың қиындығы да осында: алаяққа жәбірленушімен бетпе-бет кездесудің қажеті жоқ. Бір телефон қоңырауы, әлеуметтік желідегі хабарлама немесе күмәнді сілтеме жеткілікті болуы мүмкін. Қылмыскер адамның сенімін, қорқынышын немесе қаржылық сауатсыздығын пайдаланып, өз мақсатына жетуге тырысады.
«Алаяқтар банк немесе мемлекеттік орган қызметкерінің атынан хабарласуы мүмкін. Бірақ банк те, мемлекеттік орган да азаматтардан телефон арқылы құпия кодын, карта дерегін сұрамайды және ақша аударуды талап етпейді. Әсіресе адамды асықтырып, қорқыта бастаса, мұндай қоңырауға күмәнмен қарау қажет», – деп ескертті спикер.
Цифрлық ортадағы қауіптің тағы бір қыры – адамның өзі байқамай қылмыстық схемаға араласып кетуі. Соңғы уақытта, әсіресе жастар арасында, дропперлікке қатысты фактілер көбейіп келеді.
Дроппер – өзінің банк картасын, есепшотын немесе жеке дерегін қылмыстық топтың пайдалануына берген адам. Осындай шоттар арқылы ұрланған қаражат заңсыз қаржы айналымына енгізілуі мүмкін.
Кейбір жастар мұны «жеңіл табыс» деп қабылдайды. Бірі өзінің ешкімді алдамағанын алға тартса, енді бірі банк картасын уақытша пайдалануға бергені үшін жауапкершілікке тартылмайтынына сенеді. Құқық қорғау органдары мұндай түсініктің қате екенін ескертеді.
«Банк картасын немесе есепшотты беру, күмәнді ақша аударымын жасау жай ғана көмек емес. Егер адам өз шотының қылмыстық мақсатта пайдаланылып жатқанын біле тұра оған жағдай жасаса, ол қылмыстық схеманың қатысушысына айналуы мүмкін», – деді Ернат Серікханұлы.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 232-1-бабына сәйкес қылмыстық жолмен алынған қаражатты заңдастыруға жәрдемдесу және заңсыз қаржылық операцияларға қатысу жауапкершілікке әкеп соғады. Мұндай әрекеттер үшін айыппұлдан бастап бас бостандығын шектеу немесе бас бостандығынан айыруға дейінгі жаза көзделген.
Алда жаңа оқу жылы басталғалы тұр. Осыған байланысты жасөспірімдер мен жастардың цифрлық ортадағы қауіпсіздігіне ерекше назар аудару қажет. Өйткені интернеттегі құқық бұзушылық тек алаяқтықпен шектелмейді.
Мәселен, буллинг пен кибербуллинг – бір адамды немесе топты әдейі және жүйелі түрде қорлау, мазақ ету, қысым көрсету. Мұндай әрекет мектеп қабырғасында ғана емес, әлеуметтік желіде де жалғасуы мүмкін. Біреуді әдейі топтан шығарып тастау, қорлайтын пікір жазу, жалған ақпарат тарату немесе жеке хат-хабарын жариялау да адамның психологиялық қауіпсіздігіне әсер етеді.
Сталкинг, яғни адамды рұқсатынсыз аңду, қудалау және жүйелі түрде мазалау да қазіргі уақытта назар аударуды қажет ететін мәселенің бірі. Ал цифрлық технологияның дамуы мұндай әрекет жасаушының «қолтығына су бүркіді» деуге болады. Адамның әлеуметтік желідегі белсенділігін бақылау, орналасқан жерін анықтауға тырысу, қайта-қайта хабарлама жіберу немесе жалған аккаунт арқылы мазалау жеке шекараны бұзуға әкелуі мүмкін.
Брифинг барысында сваттинг мәселесіне де тоқталды. Бұл –полицияға, жедел жәрдемге немесе төтенше жағдай қызметіне жалған хабар беріп, арнайы қызметтерді белгілі бір мекенжайға жіберу. Қасақана жалған ақпарат тарату, әсіресе қару, жарылғыш зат немесе кепілге алынған адам туралы хабарлау ауыр салдарға әкелуі мүмкін және мұндай әрекеттер үшін заңда жауапкершілік қарастырылған.
«Цифрлық қауіпсіздік тек полицияның міндеті емес. Бұл – әр азаматтың жеке жауапкершілігі. Баланың интернетте кіммен сөйлесіп жүргеніне, қандай ақпаратқа сенетініне ата-ана да көңіл бөлуі керек. Әсіресе оқу жылы қарсаңында баламен цифрлық қауіпсіздік пен интернеттегі құқық бұзушылық туралы ашық сөйлесу маңызды», – деді аға жедел уәкіл.
Полиция азаматтарды қарапайым, бірақ маңызды қауіпсіздік талаптарын естен шығармауға шақырады. SMS арқылы келген құпия кодты ешкімге бермеу, бейтаныс сілтемелерге өтпеу, әлеуметтік желі арқылы ақша сұраған адамның шынымен танысы немесе жақыны екеніне көз жеткізу қажет.
«Қауіпсіз есепшотқа» ақша аудару туралы талапқа да сенуге болмайды. Брифингте атап өтілгендей, банк саласында мұндай ұғым жоқ. Сонымен қатар SIM-картаның мерзімі өтіп, оны ұзарту қажет деген сылтаумен хабарласатындарға да сақтықпен қараған жөн.
Сандық әлемде қауіпсіздіктің дайын формуласы жоқ. Кез келгеніміз үшін ең маңызды қорғаныс – асығыс шешім қабылдамау, ақпаратты тексеру және күмән туындаған жағдайда жеке дерек пен ақшаны бермеу. Цифрлық ортада сақ болу – тек ақшаны емес, өзімізді қылмыстан қорғаудың да бір жолы.
Айша СЕРІКҚЫЗЫ





