Тоғыз жолдың торабында орналасқан Сарыөзек ауылында ғылым мен білімнің, тарих пен танымның, мыңжылдықтардан жалғасқан құндылықтардың, руханияттың ұлы ордасы саналар таңғажайып кітапхана бой көтерді. Мемлекет басшысының «Кітап оқитын ұлт» идеясының нақты жемісіндей болған орданың еліміздің ешбір ауданында баламасы жоқ. Осынау заманауи, екі қабатты кітапхана облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың қатысуымен ел игілігіне берілді.
Кербұлақтықтар мен жетісулық зиялы қауым өкілдерін жаңа кітапхананың ашылуымен құттықтаған облыс басшысы бұл сәтті өңірдің рухани өміріндегі айтулы жаңалық екенін айшықтады. Ол өз сөзінде:
Бұл – кітап оқу мәдениетін дамыту және заманауи кітапхана кеңістіктерін қалыптастыру туралы Президент тапсырмасын өңірде іске асырудың алғашқы бастамасы. Жаңа кітапханада кітап оқуға ғана емес, цифрлық ресурстарды пайдалануға, жан-жақты ізденуге, түрлі мәдени және қоғамдық іс-шара өткізуге барлық жағдай жасалған. Кітапханаға салынған инвестиция – ең алдымен адам капиталына, ұлттың интеллектуалдық әлеуетіне жасалған инвестиция. Бұл ретте осы киелі ордадан білімді, саналы, тәрбиелі, кітапсүйер ұрпақтың қалыптасып шығатынына сенімдіміз. Жаңа нысан осындай игі мақсаттарға қызмет етіп, өңірдің рухани шамшырағына айналсын! – деді.
Облыс басшысының ақжарма тілегінен кейін көпшілік рухани ордаға кіріп, мұндағы мәжіліс залын, оқу залын және балалар бөлімін арнайы тамашалады. Ақ жаулықты әжелер шашу шашса, ел азаматтары алдынан саңқылдап шыққан мектеп оқушылары ұлылар жырын мәнерлеп оқыды.
Жаңа кітапхана ғимаратының аумағы 1620 шаршы метрді құрайды. Заманауи талаптарға сай жабдықталған кітапханада оқырмандарға қолайлы жағдай жасалған. Мұнда мектеп жасына дейінгі, мектеп жасындағы балалар мен ересектерге арналған арнайы оқу залдары қарастырылған. Кітапхананың басты ерекшелігі де осында. Оған қоса, бірінші қабатта кітапхананың негізгі қызметтік және оқу залдары орналасқан. Мұнда кітап қорын заманауи талаптарға сай сақтауға және оқырмандарға электронды форматта ұсынуға мүмкіндік беретін сканерлеу және цифрландыру кабинеті бар. Сондай-ақ компьютермен және интернетпен жабдықталған мультимедиа залы жұмыс істейді. E-gov порталы арқылы өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышы қарастырылған.
Кітапхананың екінші қабатында балалар бөлімі орналасқан. Мұнда компьютермен жабдықталған ІТ залы бар. 56 орынды оқу залында балалардың жас ерекшеліктеріне сай түрлі тақырыптық кітап көрмелері ұйымдастырылған. Үйірмелер өткізу үшін «Балауса» оқу кеңістігі және балалардың пайдалы уақытын ұйымдастыруға арналған «Coworking» орталығы құрылған. Оған қоса түрлі мәдени іс-шара өткізуге жағдай жасалған акт залы орналасқан.
Кітапханамыздағы бірегей залдардың бірі – 30 орынды өлкетану залы. Мұнда өлкенің тарихы мен мәдениеті, Кербұлақ ауданынан шыққан белгілі тұлғалар туралы кең көлемде ақпарат беретін кітап материалдары қойылған. Оған қоса аудан тарихи-мәдени мұрасын сақтауда маңызды орны бар сирек кездесетін кітаптар топтамасы сақталған. Мұның бәрі аудан тұрғындары мен қонақтарының иглігі үшін ұсынылып отыр, – деді кітапхана директоры Гүлмира Аханқызы. Оның айтуынша, жаңа кітапхананың кітап қоры 53 мыңнан асады.
Балалар бөлімінің кітап қорымен танысқан облыс басшысы оны алдағы уақытта жаңа құндылықтарға негізделген жаңа әдебиетпен толықтыру керек екенін айтты. Сол сияқты «Балалардың IT залына» интернетті пайдаланып, балаларға әлемнің кез келген еліндегі кітапхананың оқырманы бола алатындай мүмкіндікті үйрететін мамандарды арнайы тартуды тапсырды.
Еске салсақ, бұған дейін аудандық кітапхана мен балалар кітапханасы ауылдық әкімдік ғимаратында және Әбікен Сарыбаев атындағы аудандық Мәдениет үйінің ішінде отырған. Жалпы, облыс құрылғалы бері аймақтағы 150 кітапхананың кітап қорының саны 2,8 миллионнан асқанын айта кеткен жөн.
Сарыөзек ауылында ашылған заманауи кітапханада облыс әкімі Бейбіт Исабаев жетісулық зиялы қауым өкілдерімен жүздесті. Еркін форматта өткен рухани басқосуда дала ділмарларының философиялық ой-толғамдары, елімізде орын алып жатқан тарихи өзгерістердің өзектілігі, кітап оқитын ұлт қалыптастыруда жастарды құндылыққа тартудың маңызы сөз болды. Мемлекет басшысының «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» атты кітабы таныстырылды. Рухани отырыстың алғашқы сөзін алған Бейбіт Өксікбайұлы Президенттің бастамасымен іске асырылып жатқан түбегейлі конституциялық реформалардың мәніне кеңінен тоқталды.
– Қазір әлемде күрделі геосаяси жағдайлар орын алып, құбылуда. Цифрлық кеңістіктің ауқымы барған сайын ұлғайып, бүкіл әлем жасанды интеллект дәуіріне аяқ басты. Осындай қиын да жауапты кезеңде Қазақ-станның өзінің сыртқы саясатын салиқалы жүргізіп, мемлекеттің ішкі жүйесін бекемдей түсуі аса маңызды. Бұл ретте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамашылдығымен елімізде саяси жүйені жаңғыртуға, экономиканы өсіруге, әділетті қоғам қалыптастыруға, азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған өзгерістер кезең-кезеңімен іске асырылып келеді. Ең маңыздысы – биыл жаңа Конституциямызды қабылдадық. Біздің мақсат – заң үстемдік құратын, саяси және қоғамдық институттары тиімді жұмыс істейтін, әділетті әрі қауіпсіз мемлекет құру, – деп атап өткен Бейбіт Исабаев халықтың ауызбіршілігін нығайтатын, саналы патриотизмді шыңдайтын, кәсібилік пен еңбек культін дәріптейтін, адамгершілік идеалдары мен өміршең құндылықтарды өзек ететін «Заң мен тәртіп», «Таза Қазақстан», «Адал азамат» қағидаттарын орнықтыруға, жаңа қоғамдық-саяси, мәдени этика қалыптастыруға бет бұрғанымызға басымдық берді.
Уақыт деген ұлы ұстаздың дәргейінде әр халық, әр буын шәкірт деп білсек, өз заманына сай саясаткер, ел қайраткерлері, зиялы қауым мен ел болады. Сол елдің болашағы зерделі ұрпақ пен саналы қоғамға тікелей байланысты. Бұл орайда «Зерделі ұрпақ – сауатты қоғам» тақырыбын арқау еткен кездесуге зиялы қауым өкілдері, аудан ардагерлері, жастар қатысты.
Мемлекет басшысы түбегейлі өзгерістер нәтижелі болуы үшін, әсіресе оқу-тәрбие және ағарту жұмыстарына, мәдени-гуманитарлық, экологиялық бастамаларға ерекше мән беріп отыр. Бұл ретте кітап оқу мәдениетін дамыту – нақты қадам-қадаммен идея деңгейінен мемлекеттік саясатқа айналды. Бүгінгідей ақпарат легі көп заманда кітап адамды терең ойлауға, байыппен оқып, мәселенің мәніне үңілуге машықтандырады. Оқырманның дүниетанымын кеңейтеді, зерделі ұрпақ қалыптастырады, оларды білімге, ғылымға жетелейді, қоғамдық ортада өзін ұстау мәдениетіне, ізет пен әдепке, тәртіп пен жауапкершілікке үйретеді. Президент айтқандай, кітап оқитын ел зиялы ұлтқа айналады. Сондықтан біздің басты мақсатымыз – оқитын, ойлайтын, ізденетін жастарды тәрбиелеу, – деген Бейбіт Исабаев осы бағытта облыста атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Өз кезегінде облыс басшысы аудандық кітапханаға арнайы алып келген Мемлекет басшысының «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» атты кітабын таныстырды. «Бұл – Президенттің Әділетті, өркендеген Қазақстан құрудағы мемлекетшіл мұраттары, өмірлік ұстанымдары, қасиетті құндылықтар туралы ойларының жинағы. Бұл кітап тек белгілі бір аудиторияға ғана емес, барша оқырман қауымға арналады. Жас айырмашылығына, әлеуметтік мәртебесіне, басқа да ерекшелігіне қарамастан әркім өзіне керегін екшеп ала алады. Сондықтан бүгін осы кездесуде аға буын мен жастардың басын қосып отырмыз», – деді.
Ел танымы мен тарихының қатпарынан кіл маржанды руханиятымыздың биігінде айшықтаған ұлылардың мұрасы тілге тиек етілді. Фараби, Қожа Ахмет Яссауи, Абай мен Шәкәрім секілді дала данышпандарының елдік, рухтық ойлары, ел табиғатына сай таза көзқарастарын танып-білу ұрпақ аманаты екені айтылды. Әдебиет пен мәдениеттің адам өмірі үшін орасан күш екені лайықты деңгейде қаузалды. Осынау отырыс барысында Бейбіт Өксікбайұлы жаңа кітапхана мамандары мен жас оқырмандарға ағылшын тілін меңгеріп, әлемдік деңгейдегі ілім-білім, әдеби мұраны түпнұсқада оқу қажеттігін атап өтті.
Өз кезегінде «Mizam» жылжымалы әдебиет мектебінің жетекшісі Мұхтар Күмісбек облыс әкімдігінің қолдауымен іске асқан әдебиет мектебі жобасының аяқ алысын тілге тиек етті.
Балаларға кітап оқытуда бірінші болып нақты жобаны Жетісу облысы қолға алғанын мақтанышпен айтамыз. «Мизам» мектебін осыдан екі жыл бұрын құрдық, содан бері жас оқырмандар қатары қалыптасты. Бұл жобаның мақсаты – тек көп кітап оқыту емес, ізденетін, ойланатын ұрпақ қалыптастыру. Кітап оқу – үлкен еңбек. Ал сол үлкен еңбектің нәтижесінде адам асқақ арманының биігінде қанат қағып, елге пайдасын тигізер азамат болып қалыптасады. Біздің мақсат – жастарды алғыр да ұлтжанды азамат ету, білімін кәдесіне жаратар ұлан етіп тәрбиелеу, – дей келе жобаны қолдағаны үшін алғысын жеткізді.
Рухани өмірде адамға білім мен ілім секілді мемлекеттің сарабдал саясатын ұғыну да ауадай қажет. Әрбір азамат өз еліндегі әрбір жаңалықты түпсанасына сіңіріп, мемлекет үшін аянбай еңбек етуі хақ. Бұл жолда зиялы қауым өкілдерінің де жауапкершілігі салмақты. Кең де зәулім кітапхананың ашылуымен қатар өткен рухани отырыста облыстың бас ақыны Айтақын Бұлғақов жалынды жыр оқыса, өз кезегінде журналист Айдын Кәлімхан да өз өлеңін қуанышқа шашу ретінде ұсынды. Ал белгілі журналист Жұмахмет Жайлаубаев Президенттің кітабына қатысты пікірін жеткізді.
Президент кітапта «Біз елді, ұлтты Абайша сүюді үйренуіміз керек» дейді. Неге Абайша? Өйткені Абай «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» дейді бізге. Яғни ел болып ұйысудың, бір мақсатқа бірігудің жолын көрсетеді. Соңғы кезде біз жиі айтатын «Бәрімізге ортақ құндылық бар ма?» деген сұраққа Мемлекет басшысы: «Әділеттілік – қоғамды өркениетке жетелейтін, оның бет-бейнесін айқындайтын басты құндылық» деп жауап береді. Жастар бөлімінде Мағжанша «мен жастарға сенемін» дей отырып, ел ертеңі жастарда екенін, сондықтан оларға жақсы біліммен қатар жақсы тәрбие беру керектігін айтады. Жалпы, бұл әрбір адамды ойландыратын, бағыт беретін жинақ, – деді Жұмахмет Жанахметұлы.
«Құрмет» орденінің иегері, «Jetіsý» газетінің бас редакторы Жұматай Оспанұлы ашып, жүргізіп отырған рухани шарада жас ұрпақты отансүйгіштікке, елжандылыққа баулудың, зерделі ұрпақ, саналы қоғам тәрбиелеудің ең негізгі жолы – адамды кітаппен жолдастыққа бейімдеу екені де айрықша аталды. Әсіресе «Барлық білім кітапта» деген ұлы Абайдың асыл сөзі көпшіліктің темірқазығына айналуы тиіс. Ел болып «Кітап оқитын ұлт» тұжырымдамасын іске асырса, онда зерделі ұрпақ та әлем әдебиетін, мыңжылдықтардан тамыр тартқан құндылықты бойына сіңірмек.
Мемлекеттік, елдік, рухани өмірлік маңызды тақырыптар қозғалған жиында облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Келемсейіт, Кербұлақ аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Ғалия Ақбасова, Жетісу студенттер альянсының төрайымы, амбудсмен Ақерке Қызайбай және басқа да азаматтар жаңа қоғамдық мәдениет қалыптастырудың маңызы, кітап оқудың пайдасы, Президенттің жаңа жинағы жөнінде ой қосты. Жалпы, «Зерделі ұрпақ, саналы қоғам» атты жиында зиялы қауым өкілдерін серпілткен, ертеңге үмітпен үңілткен отырыс есебінде тұжырымдалды.
Айта кетерлігі, облыс құрылғаннан бері аймақта мәдениеттің 34 жаңа нысаны қолданысқа берілген, яғни сала инфрақұрылымын жаңарту деңгейі 36%-дан асты. Сондай-ақ биыл «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен Қоғалы ауылдық Мәдениет үйі мен Молықбай Байсақұлы атындағы Ақсу аудандық Мәдениет үйінің материалдық-техникалық базасын нығайту, ребрединг жүргізу жоспарланып отыр.
Облыста бүгінге дейін «Кітап оқитын ұлт» жобасы аясындағы іс-шараларға 150 мыңнан астам оқырман тартылған.
Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ





