Мемлекеттік тіл – елдің бірлігін бекемдейтін, ұлттық құндылықтарымызды ұрпақтан-ұрпаққа жеткізетін маңызды рухани тірек. Қазақстан Республикасында мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, оның қоғамдық өмірдің барлық саласында кеңінен қолданылуын қамтамасыз ету – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі.
Жетісу облысы – қазақы салт-дәстүрі мен ұлттық құндылықтары берік сақталған, тарихы терең өңір. Бүгінде облыста мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтуге, оның мемлекеттік басқару жүйесінде орнығуына және күнделікті қоғамдық өмірде кеңінен қолданылуына бағытталған жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтудің негізгі бағыттарының бірі – мемлекеттік органдардағы құжат айналымын қазақ тілінде жүргізу. Себебі мемлекеттік тілдің мәртебесі ең алдымен мемлекеттік басқару жүйесіндегі нақты қолданысымен айқындалады.
Осы бағытта Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің Жетісу облысы бойынша мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінде де бірқатар жұмыстар атқарылуда. Департаментте ресми құжаттарды мемлекеттік тілде әзірлеуге, іс қағаздарын жүргізу барысында қазақ тілінің нормаларын сақтауға және мемлекеттік тілдегі құжаттардың сапасын арттыруға ерекше мән беріледі.
Аталған жұмыстың нәтижесін нақты көрсеткіштерден де көруге болады. Департаменттің шығыс хаттарының мемлекеттік тілдегі үлесі 2026 жылдың І тоқсанында 98,28 пайызды құрады. Бұл көрсеткіш мемлекеттік тілдің мекеменің күнделікті қызметіндегі негізгі жұмыс тіліне айналып келе жатқанын көрсетеді.
Мемлекеттік тілде сапалы құжат әзірлеу – тек тілдік талаптарды орындау емес, сонымен қатар мемлекеттік басқарудың тиімділігі мен кәсібилігінің көрсеткіші. Сондықтан құжаттардың мазмұндық және тілдік сауаттылығына, терминдердің дұрыс қолданылуына, ресми стиль нормаларының сақталуына тұрақты түрде назар аударылады.
Қазіргі таңда мемлекеттік қызметші үшін мемлекеттік тілді білу – кәсіби біліктіліктің маңызды құрамдас бөлігі. Азаматтармен қарым-қатынас жасау, өтініштерге жауап беру, ресми хат-хабар әзірлеу және мемлекеттік шешімдерді түсіндіру барысында қазақ тілін еркін әрі сауатты қолдану мемлекеттік қызметтің сапасына тікелей әсер етеді.
Жетісу жерінде мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын табады. Мемлекеттік тілдің құжат айналымындағы жоғары көрсеткіші – атқарылған жұмыстың нәтижесі ғана емес, қазақ тілін мемлекеттік басқарудың толыққанды тілі ретінде орнықтыруға деген ұмтылыстың көрінісі.
Мемлекеттік тіл – мемлекеттіліктің тірегі. Оны дамыту – бүгінгі ұрпақтың парызы, келешек алдындағы жауапкершілігі. Қазақ тілінің қолданыс аясы кеңейген сайын, оның қоғамдағы тұғыры да биіктей бермек.
К. Рахимбаев,
Жетісу облысы бойынша мемлекеттік мүлік және жекешелендіру
департаменті басшысының орынбасары





