Қазақстан медицинасы күндері шеңберінде Ұлттық ғылыми онкология орталығының (ҰҒОО) жетекші мамандары Тәжікстан Республикасындағы әріптестерімен арнайы жұмыс кездесулерін өткізіп, тәжірибе алмасты, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Аталған халықаралық бастама Орталық Азия аймағында заманауи медициналық технологияларды дамытуға және қатерлі ісікке қарсы күресті жаңа деңгейге көтеруге жол ашады. Денсаулық сақтау саласындағы серіктестік екі ел арасындағы кәсіби байланысты нығайтып, ауыр дертке шалдыққан науқастардың сауығу мүмкіндігін арттырады. Қазақстандық онкологтар Тәжікстан шипагерлеріне отандық онкологиялық көмектің соны мүмкіндіктерін жан-жақты таныстырды. Бұл ретте дәл диагностикалау, дәрі-дәрмекпен емдеу тәсілдерінен бастап, жоғары технологиялық хирургия, радиология, ядролық медицина және трансплантаттау бағыттары кеңінен қамтылды.
Практикалық жұмыстар жергілікті клиникалар базасында ұйымдастырылды. Отандық мамандар тәжікстандық дәрігерлердің консилиумдарына белсене қатысып, күрделі клиникалық жағдайларды талқылауға атсалысты. Әсіресе онкогематологиялық аурулары бар балаларды емдеу мәселесіне ерекше көңіл бөлінді. Сонымен бірге қазақстандық хирург-трансплантолог ағза ауыстыру бойынша күрделі операцияларға тікелей қатысып, жергілікті мамандарға шеберлік сабағын өткізді. Бұл іс-шаралар екі тараптың да кәсіби деңгейін арттыруға зор септігін тигізеді.
Қос тарап өзара ынтымақтастықты одан әрі тереңдету жөнінде нақты уағдаластықтарға қол жеткізді. Ендігі жерде Тәжікстан мамандары Астана қаласындағы ҰҒОО базасында арнайы білім алып, өз біліктіліктерін арттыруға мүмкіндік алады. Сондай-ақ тәжікстандық онкологтар елордамызда өтетін ONCO FUTURE KAZAKHSTAN 2026 халықаралық конференциясына ресми шақырылды. Бұл ауқымды жиын әлемдік деңгейдегі ғалымдар мен дәрігерлердің басын қосып, ісік ауруларын емдеудің соны әдістерін талқылауға арналған бірегей диалог алаңы саналады.
Соңғы жылдары еліміздің онкология саласы қарқынды дамып келеді. Мемлекет тарапынан бөлінетін қаржы көлемі көбейіп, медициналық ұйымдар заманауи құрал-жабдықтармен жарақтандырылуда. Нәтижесінде бұрын шетелде ғана жасалатын күрделі оталар енді өз елімізде сәтті жүзеге асуда. Қазақстандық медицинаның бұл жетістіктері көршілес мемлекеттер үшін үлгі болып отыр.
Халықаралық деңгейде тәжірибе бөлісу тек біліктілікті арттырып қоймай, Орталық Азиядағы денсаулық сақтау сапасын көтеруге ықпал етеді. Дәрігерлердің бірлескен жұмысы ауыр дертке шалдыққан талай адамның өмірін сақтап қалуға көмектеседі. Кездесудің басты нәтижесі де осы – күрделі онкологиялық ауруларды емдеудегі практикалық серіктестікті нығайту.





