Талдықорғанда қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп жүрген Ұлттық ұланның әскери қызметшілері қарулы азаматты жедел әрі кәсіби түрде залалсыздандырды.
Оқиға 21 тамыз күні кешкі сағат 20.30 шамасында Назарбаев көшесіндегі №95 үйдің маңында болған. Қоғамдық тәртіпті сақтау бойынша қызмет атқарып жүрген Ұлттық ұланның 5514 әскери бөлімінің әскери жасақ құрамы алкогольдік ішімдік ішкен, өзін әдепсіз ұстап, қоғамдық тәртіпті бұзып жүрген ер адамды байқайды. Ол айналасындағы адамдарға тиісіп, тұрғындардың тыныштығын бұзған.
Құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында әскери қызметшілер азаматқа жақындаған сәтте жағдай аяқ астынан күрделене түскен. Ер адам әскери жасаққа қарсылық көрсетіп, қалтасынан жиналмалы пышақ суырып алған. Ұзындығы 90 миллиметрлік жүзі бар суық қарумен патруль қызметкерлеріне шабуыл жасауға әрекеттенген. Осындай сәтте әскери қызметшілердің ширақ қимылы мен шымыр дайындығы шешуші рөл атқарды. Қауіптің бетін қайтарған Ұлттық ұлан жауынгерлері қоян-қолтық ұрыс тәсілдерін шебер қолданып, қарулы азаматты қысқа уақытта ұстап, тиісті органдарға тапсырды. Оқиға барысында әскери жасақ құрамындағы қызметшілердің ешқайсысы жарақат алған жоқ.
Ұсталған азамат, 1995 жылы туған М. Ренар, Талдықорған қаласы полиция басқармасының жедел-тергеу тобына тапсырылып, наркологиялық орталыққа жеткізілді. Аталған дерек Талдықорған қаласы полиция басқармасында ҚР Қылмыстық кодексінің 380-бабының 3-бөлі- гі – билік өкіліне қатысты күш қолдану бойынша тіркелді.
Бұл жолы қызметтік міндетін абыроймен атқарған әскери жасақтың аға бастығы, ефрейтор Данияр Төлепберген, патруль қызметкерлері, ефрейторлар Бегарыс Рахатов пен Ерік Тоқтаұлы болды.
Күтпеген сәтте сабыр сақтап, қауіптің алдын алып, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – әскери қызметшінің кәсіби міндеті.
Санжар СҰЛТАНҒАЗЫ





