Қазақстанда 1 қыркүйектен бастап білім беру, денсаулық сақтау, зейнетақы жинағы және салық салаларында бірқатар маңызды өзгерістер енгізіледі, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Мектептегі жаңа реформалар мен қауіпсіздік
Жаңа оқу жылында еліміз бойынша 4,1 млн оқушы мектеп табалдырығын аттайды. Бастауыш сыныптарда БЖБ мен ТЖБ бағалау жүйесі тоқтатылып, орнына бақылау жұмыстары мен шығармашылық тапсырмалар енгізіледі. Сонымен қатар 5–11 сыныптар аралығында «Жеке қауіпсіздік», «Конституция негіздері», «Заң және тәртіп» курстары міндетті пәнге айналады.
Оқушылардың сабақ үстінде ұялы телефон пайдалануына шектеу қойылады. Оған тек мұғалімнің рұқсатымен оқу процесінде өзгеше жағдайда жол беріледі. Педагогтерді аттестаттаудың жаңа цифрлық бейіні іске қосылып, артық қағазбастылық азайтылады.
Қаржы, салық және зейнетақы жинағы
7 қыркүйектен бастап азаматтар зейнетақы жинағының 100 пайызға дейінгі бөлігін жеке инвестициялық компаниялардың басқаруына бере алады. Шешімді БЖЗҚ сайты арқылы дербес қабылдауға рұқсат етілген.
15 қыркүйекке дейін мемлекеттік қызметшілер, кәсіпкерлер мен құны 20 мың АЕК, яғни 86,5 млн теңгеден асатын мүлік алған азаматтар 270.00 нысанындағы декларацияны тапсыруға міндетті. Ал 1 қазанға дейін тұрғындар 2025 жылға арналған мүлік салығын төлеуі тиіс.
4 қыркүйекте Ұлттық банк базалық мөлшерлеме бойынша жаңа шешім шығарады. Қазір бұл көрсеткіш 16,75 пайыз деңгейінде сақталып отыр.
Денсаулық сақтау мен цифрландыру
Елге әкелінетін және өндірілетін биологиялық белсенді қоспаларға (ББҚ) Data Matrix коды арқылы цифрлық таңбалау енгізіледі. Бұл сапасыз өнімдердің жолын кесуге бағытталған. Мектептегі медициналық тексеру толықтай цифрлық форматқа көшіріледі. Ал 15 қыркүйектен бастап тұмауға қарсы тегін вакцинация науқаны басталады.
Сонымен бірге жаңадан салынатын ғимараттардағы бейнебақылау камераларына ортақ ұлттық стандарт қойылып, бейнежазбаны кемінде 30 тәулік сақтау міндеттеледі.
Әлеуметтік және тұрғын үй өзгерістері
Ауылдық жерлерде мемлекеттік жалдамалы баспанаға мұқтаж жандар 1–7 қыркүйек аралығында «Отбасы банк» платформасы арқылы үйді өзі таңдай алады.
Шешімі табылған тағы бір мәселе – қаңғыбас жануарларды аулау ережесі. Жаңа тәртіп бойынша адам өміріне қауіп төндірген жағдайда ғана шұғыл шара қолданылады, ал қаңғыбас мысықтарды ұйықтатуға толық тыйым салынады. Шетелде жүрген Қазақстан азаматтары үшін паспорт рәсімдеу мерзімдері мен санаттары нақтыланды.
Алдағы өзгерістер қоғамдағы тәртіп пен қауіпсіздікті нығайтып, тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруды көздейді.





