Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтайдың құрамы жасақталғаннан кейін Вице-Президент пен Премьер-Министр лауазымдарына кандидатураларды ұсынатынын айтты, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Президент бұл туралы бірінші шақырылымдағы Құрылтайдың бірінші сессиясының ашылуында мәлімдеді.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Ата заңға сәйкес Үкімет жаңадан сайланған Құрылтай алдында өз өкілеттігін тоқтатады.
– Сондықтан Құрылтайдың құрылымы жасақталған соң мен өздеріңізге Вице-Президенттің және Премьер-Министрдің кандидатуралары бойынша ұсыныс енгіземін. Содан кейін сіздермен ақылдасып, Үкімет мүшелерін тағайындаймын. Сонымен қатар жаңа лауазымды – Қауіпсіздік Кеңесі төрағасының орынбасарын тағайындаймын, – деді Президент.
Мемлекет басшысы Құрылтай мен Үкіметтің құрамы толық айқындалғаннан кейін Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауын жариялайтынын атап өтті.
– Жолдауда көтерілген барлық бастаманы атқарушы және заң шығарушы билік өкілдері бірлесіп, уақтылы әрі сапалы жүзеге асыруға тиіс. Лауазымды тұлғалардың бәрі, әсіресе, қызметіне енді кірісетін азаматтар алдымызда тұрған ортақ мақсат-міндеттерді білуі керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.





