Әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан ұзақмерзімді пайдасы бар стратегиялық маңызды жобалардан қаржыландыру, соның ішінде Ұлттық қордан қаржы бөлу жоспарланып отыр. Бұл туралы Қазақстан Президенті мәлімдеді, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы Ақордаға сілтеме жасап.
«Қаражат оңды-солды, мақсатсыз жұмсалмайды. Мұндай қауесетті еш нәрседен хабарсыз, ниеті теріс адамдар таратады. Кез келген қордың, әсіресе, Ұлттық қордың тиімділігі, ең алдымен, келер ұрпақтың игілігі жолындағы зор табысқа, нақты нәтижеге қол жеткізумен өлшенеді», — деді Президент.
Мемлекет басшысы Ұлттық қордың пайдасын балалар көріп отырғаны айтты.
«Олардың есепшотына қомақты қаражат аударылып жатыр (Жақында ұстаздар алдында сөйлеген сөзімде оның мөлшерін айттым). Келешекте өскелең ұрпаққа қызмет ететін заманауи, сапалы инфрақұрылымды дамытуымыз керек. Басқаша айтқанда, еліміздің алдағы ондаған жылдар, тіпті ғасырлар бойы дамуына берік негіз қаланады. Мемлекетіміздің іргесі де осы игі істердің арқасында беки түседі. Бұл мәселеге Қазақстан халқына арнаған Жолдауымда кеңірек тоқталамын», — деді Президент.





