Жетісу облысында биылғы жылдың басынан бері 261 өрт тіркеліп, бұл көрсеткіш өткен жылмен (258) салыстырғанда 1,2 пайызға артқан. Өкінішке қарай, оқыс оқиғалар кезінде 7 адам қаза тауып (2025 жылы – 9), 8 адам жарақат алып (2025 жылы – 6), ал улы газбен уланудан 3 адам қайтыс болды (2025 жылы 5). Өрттің 70–80 пайызы тұрғын үй секторында, ал оның 65 пайызы жылыту кезеңінде болды. Бұл жөнінде журналистермен кездесуге арнайы келген облыстағы ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасының аға инженері Жан Орысбай айтты.
– Жалпы, өткен 2025–2026 жылдардағы жылыту маусымының қорытындысы бойынша атқарылған ауқымды шаралардың арқасында өрт саны 26%-ға, ал қаза тапқандар саны 35,7%-ға азайғаны байқалады. Дегенмен, сараптама көрсеткендей, өрттің негізгі себептері электр жабдықтарын монтаждау және пайдалану ережелерін бұзудан (47 жағдай) және пештерді пайдалану кезінде өртке қарсы арақашықтықты сақтамаудан (44 жағдай) туындап отыр. Мұндай қауіпті жағдайлар көбінесе 60–80 жылдары салынған, электр сымдары мен пештері тозған ескі үлгідегі үйлерде жиі орын алады, – дейді Жан Дастанұлы.
Алдағы жылыту кезеңіне дайындық ретінде облысыта тұрғын үй секторында өрттің алдын алу іс-шараларының арнайы жоспары әзірленді. Осы жоспарға сәйкес, жылыту маусымы басталғанға дейін, яғни 15 тамыз бен 1 қазан аралығында азаматтардың қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған «Тұрғын үй секторындағы өрт қауіпсіздігі айлығы» республикалық акциясы басталып кетті. Қазіргі таңда барлық аудандарда рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылып, әлеуметтік осал топтағы отбасылардың жеке тұрғын үйлеріне мекенжайлық көмек пен профилактикалық жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, өткен жылыту кезеңінде департамент қызметкерлері полиция, жергілікті атқарушы органдар және еріктілермен бірлесіп тұрғын үй секторының 100 пайыз (131 241 үй) түгел аралап, 250 мыңнан астам тұрғынға қауіпсіздік ережелерін түсіндірген болатын. Сонымен қатар, жергілікті атқарушы органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың қолдауымен әлеуметтік осал топтағы отбасыларға 2463 түтін және улы газ анықтағыш датчигі орнатылды, бұл жұмыс биыл да өз жалғасын табады. Қазіргі таңда көп балалы және аз қамтылған отбасылар, мүмкіндігі шектеулі жандар, жалғызбасты қарттар мен ардагерлердің үйлеріне газ талдағыштар мен датчиктерді орнату көлемі нақтыланып жатыр.
«Жетісу-Ақпарат»





