Президент Әкімшілігінің келісімімен және қалалық мәслихат депутат- тарының қолдауымен Текелі қаласының әкімі болып Айдос БЕКЕТАЕВ тағайындалды. Бұған дейін облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы қызметін атқарған жаңа әкімді Текелі қаласының активіне облыс басшысы Бейбіт ИСАБАЕВ таныстырды.
Сессия барысында аймақ басшысы бұған дейін 4 жыл бойы Текелі қаласының әкімі қызметін атқарған Алмас Әділдің өкілеттік мерзімінің аяқталып, басқа жұмысқа ауысуына байланысты қызметінен босатылғанын атап өтті. Бейбіт Өксікбайұлы Алмас Әділге қаладағы әлеуметтік-экономикалық дамуға қосқан үлесі үшін алғыс білдіріп, алдағы қызметіне сәттілік тіледі.
Жаңа әкімді таныстыру барысында аймақ басшысы Текеліде соңғы 4 жылда атқарылған ауқымды жұмыстарға тоқталды.
Текелі қаласы күн өткен сайын құлпырып келеді. 2023-2025 жылдары қалаға газ тартылды. Төрт ұңғыма қазылып, сыртқы ауызсу құбырлары мен тазарту стансысы жөнделді. Нәтижесінде тұрғындар таза ауызсумен қамтамасыз етілді. Ендігі кезекте қала ішіндегі су құбырларын ауыстыру жұмыстарын бастадық. Бұдан бөлек, қаладағы Қонаев және өзге де көшелер жөнделіп, 31 көшеге жарықтандыру тіректері орнатылды. Тұрақты электр және жылу энергиясымен қамтамасыз ету мақсатында «Текелі энергокешені» кәсіпорнын кеңейту жобасы жүзеге асырылуда, – деді аймақ басшысы.
Облыс әкімі өнеркәсіп саласындағы оң өзгерістерге де назар аударды. Бірнеше жыл бойы жұмысы тоқтап тұрған темір өңдеу және арматура өндіру бағытындағы «Steelers», «Grindstone» және «Жеттермо» кәсіпорындарының биыл жұмысын қайта бастау жоспарланып отыр. Сонымен қатар Көксу өзенінде су электр стансысының құрылысы жүргізілуде.
Қаладағы тұрғын үй мәселесін шешу бағытында да бірқатар жұмыс атқарылған. Атап айтар болсақ, 120 пәтерлі үш көпқабатты тұрғын үй пайдалануға беріліп, екі 60 пәтерлі үйдің құрылысы аяқталуға жақын. Әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылар үшін 84 үй сатып алынған. Бұдан бөлек, апатты үйлердің мәселесі толық шешіліп, 212 пәтер бойынша тиісті жұмыстар атқарылды.
Әлеуметтік инфрақұрылым да назардан тыс қалған жоқ. Рудничный ауылында жаңа мектеп пайдалануға берілді. №3 орта мектеп пен қалалық аурухананың тамақтандыру блогында жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Заманауи дене шынықтыру кешені салынып, Мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтті.
Абаттандыру жұмыстары аясында 21 үйдің шатыры мен 8 үйдің қасбеті жаңартылып, 10 аула жөнделді. Балалар мен тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік беретін 27 ойын және спорт алаңы салынды.
Текелі қаласының әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері жаман емес. Алдағы уақытта да бұл жұмыстар жалғасын табады. Жұмысы тоқтап тұрған кәсіпорындарды қайта іске қосу, инвестиция тарту және жаңа жұмыс орындарын құру бойынша жүйелі жұмыс жүргізу жаңа әкімге тапсырылады. Сондай-ақ тұрғындарды табиғи газға қосу, қаланың ішкі ауызсу және кәріз желілерін толық жаңғырту, кәріз тазалау стансысын салу, жоспарланған жылу желілерін жаңарту жұмыстары қатаң бақылауда болуы тиіс, – деді облыс әкімі.
Қала тазалығын қамтамасыз ету де жаңа әкімнің басты міндеттерінің бірі ретінде белгіленді. «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында тұрғындардың демалуына қолайлы жағдай жасау, «Серкесай» табиғи экопаркін абаттандыру жұмыстарын аяқтау және туризм саласын дамытуға ерекше назар аудару тапсырылды.
Ең бастысы – қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етіп, халықтың өмір сүру деңгейін арттыру. Жұмыс жүйелі жүргізіліп, заң мен тәртіп қағидаттарына негізделуі керек. Қалалық мәслихатпен және қоғам өкілдерімен тығыз байланыста жұмыс істеу қажет. Айдос Халилоллаұлы, осы тапсырмалардың мерзімінде, сапалы орындалуын қатаң бақылауға алып, қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлесіңізді қосасыз деп сенемін, – деді облыс әкімі.
Сессия барысында Жетісу облысының және Текелі қаласының Құрметті азаматы, қоғамдық кеңес және қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ертай Дүйсебаев пен Текелі қаласының Құрметті азаматы, мемлекеттік қызмет ардагері Николай Калиновский Текелі қаласының даму жоспарына тоқталып, тұрғындардың жайлы өмір сүруіне жасалған жағдай үшін облыс, қала әкіміне алғыс айтып, жаңа қала басшысының жұмысына сәттілік тіледі.
Еңлік КЕНЕБАЙ
Текелі қаласы





