Қазіргі қоғамда жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету басым бағыттардың қатарына кіреді. Осы мақсатта Жетісу облысы Текелі қаласындағы №1 орта мектепте оқушыларға арналған арнайы профилактикалық жиын өткізілді, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Басқосуға мектептің 5-7 сынып аралығындағы оқушылары қатысып, құқықтық тәрбие мен тәртіп мәселелері туралы мағлұмат алды. Шараны Текелі қаласы полиция бөлімінің Қоғамдық қауіпсіздік бөлімшесі ювеналды полиция тобының инспекторы, полиция майоры А. Нуржанов жүргізді. Тәртіп сақшысы жасөспірімдердің жас ерекшеліктерін ескере отырып, күнделікті өмірде кездесетін өзекті мәселелерге тоқталды.
Кездесу барысында оқушыларға қоғамда жиі кездесетін буллинг, әлімжеттік, бопсалау және кибербуллингтің түрлері жан-жақты түсіндірілді. Маман атап өткендей, интернет кеңістігіндегі қысым мен әлеуметтік желідегі әлімжеттік баланың психикасына ауыр зақым келтіреді. Сонымен қатар заң талаптарына сәйкес жасалған құқық бұзушылықтар үшін жауапкершілік жасөспірімдердің ата-аналарына жүктелетіні нақты мысалдармен айтылды. Жас жеткіншектерге бір-біріне құрмет көрсету, өзара сыйластықты сақтау, кез келген қысым мен қорлауға қарсы тұру жолдары үйретілді. Егер оқушылар осындай келеңсіз жағдайларға тап болса, уақыт жоғалтпай мектеп басшылығына, ұстаздарға және полиция қызметкерлеріне дереу хабарлау керектігі қатаң ескертілді.
Өңірде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және олардың құқықтық сауаттылығын көтеру бағытындағы жұмыстар тұрақты түрде жүзеге асырылып келеді. Мектеп қабырғасында өтетін осындай тәлімдік кездесулер жастардың санасына жақсы мен жаманды ажыратуға көмектесіп, жауапкершілік сезімін оятады.






