Қазақстандық патриотизмді қалыптастыру және жастарды әскери-патриоттық рухта тәрбиелеу – бүгінгі білім беру саласындағы маңызды міндеттің бірі. Өйткені елдің болашағы, тәуелсіздіктің тұғырлы болуы ең алдымен жас ұрпақтың бойындағы отансүйгіштік қасиетке, азаматтық жауапкершілік пен ұлттық санаға байланысты.
Патриотизм – туған жерге деген сүйіспеншілік қана емес, ел тарихын құрметтеу, мемлекеттік рәміздерді қадірлеу, ұлттық құндылықтарды сақтау. Нағыз патриотизм адамның күнделікті ісімен, адал еңбегімен және азаматтық ұстанымымен көрінеді. Осы бағытта алғашқы әскери дайындық пәнінің тәрбиелік маңызы ерекше. Бұл пән оқушыларға әскери білім берумен қатар оларды тәртіпке, батылдыққа, төзімділікке, ұйымшылдыққа және жауапкершілікке тәрбиелейді. Саптық, тактикалық дайындық, азаматтық қорғаныс және алғашқы медициналық көмек көрсету сабақтары оқушылардың практикалық дағдыларын дамытып, өзара көмек пен бірліктің маңызын түсінуге ықпал етеді.
Жастардың бойына патриоттық сезімді қалыптастыруда батырлардың өмірі үлгі. Бауыржан Момышұлы, Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова, Рақымжан Қошқарбаев сынды қаһармандардың ерлігі – бүгінгі ұрпаққа мәңгілік өнеге. Олардың өмір жолын сабақ барысында таныстыру, тарихи деректермен бөлісу, ардагерлермен және әскери қызметшілермен кездесулер ұйымдастыру оқушылардың ел тарихына деген құрметін арттырады.
Патриотизм тек әскери дайындықпен шектелмейді. Жақсы оқу, адал еңбек ету, заңды құрметтеу, табиғатты қорғау, қоғамдық тәртіпті сақтау да – Отанға қызмет етудің көрінісі. Сондықтан жас ұрпаққа елге қызмет ету әр азаматтың күнделікті ісінен басталатынын түсіндіруіміз қажет. Бұл ретте ұстаздың рөлі айрықша. Алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәнінің мұғалімі оқушыға білім беріп қана қоймай, оның бойында елдік сана мен азаматтық жауапкершілікті қалыптастыруға бағыт-бағдар береді. Мұғалімнің жеке үлгісі, кәсіби біліктілігі мен отансүйгіштік ұстанымы тәрбие жұмысының нәтижесіне тікелей әсер етеді.
Оқушыларды әскери-патриоттық рухта тәрбиелеу – біркүндік жұмыс емес, үздіксіз жүргізілетін маңызды міндет. Мектеп, отбасы және қоғам бірлесе отырып, елін сүйетін, жерін құрметтейтін, ұлттық құндылықтарды бағалайтын, тәуелсіздікті қорғауға және елінің дамуына үлес қосуға дайын азамат тәрбиелеуі тиіс.
Отанды сүю – жүректегі сезім ғана емес, ел алдындағы жауапкершілік пен нақты іс. Елін сүйген ұрпақ барда еліміздің ертеңі де жарқын болмақ.
Тілеулі БАЛТАБАЕВ,
Қызылтоған орта
мектебінің бастапқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі
Көксу ауданы






