Қазақстанда 18 жасқа толмаған балалар мемлекеттік ұлттық табиғи парктерге тегін кіре алады, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Үкімет бұл бастаманы ішкі туризмді дамытуға әрі отбасылық демалысты қолдауға бағытталған маңызды қадам деп бағалап отыр. Қазіргі таңда еліміздің ерекше қорғалатын табиғи аумақтарында 179 туристік бағыт пен 42 экосоқпақ халыққа қызмет көрсетеді. Ал 2025 жылы ұлттық парктерге аралауға келген саяхатшылар саны 3,7 млн адамға жетті. Бұл көрсеткіш ел ішіндегі табиғи мекендерге деген қызығушылықтың артып келе жатқанын айқын айғақтайды.
Кейінгі жылдары отандық саяхатшылардың белсенділігі арта түсті. Алдыңғы жылдармен салыстырғанда ішкі туристер саны 7,1 млн адамнан 8,7 млн-ға дейін көбейді. Сонымен қатар сырттан келетін қонақтардың да қатары қалыңдаған. Деректерге сүйенсек, 2025 жылы елге келген 15,7 млн шетелдік азаматтың 11,1 млн-ы нақты турист санатына жатқызылды. Олар Қазақстан аумағында 2,9 млрд доллар көлемінде қаржы жұмсап, жергілікті экономиканың өсуіне серпін берді.
Демалушылар ағынының өсуі туризм саласына құйылған қаржы көлемін еселеп арттырды. Соңғы екі жыл ішінде секторға 2,2 трлн теңгеден астам инвестиция бағытталды. Оның 1,25 трлн теңгесі 2025 жылдың үлесіне тиесілі, бұл бұрынғы кезеңмен салыстырғанда 32,6% көп.
Қазіргі уақытта салада жалпы құны 1,3 трлн теңгеге жуықтайтын 328 инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылуда. Инвестициялық бастамалар есебінен 10 мыңға жуық тұрақты жұмыс орнын ашу және халықаралық стандартқа сай 25 жаңа қонақүй кешенін пайдалануға беру межеленген. Негізінен орналастыру нысандарының саны қарқынды өсуде: 2023 жылы елде 3 992 демалыс орны болса, биыл олардың саны 4,5 мыңнан асты.
Саяхатшылар үшін қолайлы орта қалыптастыру мақсатында инфрақұрылым сапасын жақсарту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Биыл жөндеу жұмыстары елдегі 11 мың шақырым автомобиль жолын қамтыды. Соның ішінде Рахман қайнары, Кендірлі, Баянауыл, Зеренді және Көлсай сияқты сұранысқа ие демалыс аймақтарына апаратын тасжолдар ретке келтірілуде.
Шалғайдағы демалыс орындарына қолжетімділікті арттыру мақсатында Катонқарағай, Зайсан және Кендірлі елді мекендерінде жаңа әуежайлар бой көтеруде. Жазғы маусымда аптасына 45 субсидияланатын әуе рейсі ұйымдастырылып, жолаушылар ағыны реттелді.
Сонымен бірге Алматы тау кластерін жылына 5 млн турист қабылдайтын ірі орталыққа айналдыру жоспарланған. Ол үшін тау шаңғысы аймақтарын біріктіріп, 30 аспалы жол мен 161 шақырым шаңғы жолын салу көзделген. Маңғыстау мен Щучинск-Бурабай курорттық аймақтарын дамыту да басты назарда. Мұндай кешенді шаралар ел туризмінің бәсекеге қабілеттілігін арттырып, өңірлердің экономикасын өркендетуге жол ашады.





