Өңіріміздегі әлеуметтік көмек көрсету орталықтарының жұмысы жоғары деңгейде десек қателеспейміз. Тұрмысы төмен, мұқтаж және ерекше қажеттіліктері бар азаматтардың игілігі үшін қызмет істеп жатқан мекемелерге келетін тұрғындар саны көп. Олар өз істерін еш қиындықсыз бітіріп, түрлі мүмкіндікті пайдалануда.
Биыл ғана ашылған «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығына» күніне 250-ден астам адам келеді. Зейнеткерлік жастағы азаматтарға сапалы қызмет көрсету мақсатында құрылған нысанда 12 түрлі қызмет көрсетіледі екен.
– Қаңтар айының 5-інен бастап осы жерге келіп жүрмін. Фитнеспен, йогамен, бимен айналысамын. Емдік массаж курсынан өттім. Бір жағынан, денсаулыққа пайдалы, екіншіден, араласатын ортам кеңейді, бұл бізге үлкен қуаныш сыйлайды. Қаласақ тіл үйренуге де жағдай жасалған. Мұнда әркім өз қалауына қарай айналысатын іс табады. Орталықтың есігі біз үшін таңертеңнен кешке дейін ашық. Мен осы өңірдің басшыларына айрықша алғыс білдіремін, – дейді қала тұрғыны Сайра Ахметова.
«Еңбек ресурстары және белсенді ұзақ өмір сүру орталығы» облыс әкімінің тапсырмасымен құрылғанын айта кеткен жөн. Оған себеп, Талдықорған қаласында 25 мыңға жуық зейнеткер тұрады.
– Орталық жұмысының негізгі мақсаты – мәдени, шығармашылық, спорттық және іскерлік қабілеттерін шыңдау арқылы зейнет жасындағы адамдардың физикалық және психикалық саулығын нығайту. Жыл басынан бері орталыққа келушілердің қатысуымен 50-ден астам түрлі іс-шара, сондай-ақ Ақсу, Кербұлақ, Қаратал аудандарының киелі орындарына, тарихи нысандарына экскурсиялар, Абай облысының Семей қаласына сапар ұйымдастырылды. Талдықорғанның зейнеткерлік жастағы кез келген тұрғыны біздің орталыққа келе алады, мұнда барлық қызмет тегін көрсетіледі, – дейді «Еңбек ресурстары және белсенді ұзақ өмір сүру орталығы» КММ басшысы Әсет Оразбекұлы.
Ел игілігі үшін жұмыс атқарып келе жатқан мекеменің бірі – «Жанұя» отбасын қолдау орталығы. Осы жылы орталыққа 600-ден астам адам жүгінген. Самал Қанышқызы да жеке жұмыстарын аяқтау үшін аталған мекеме қызметкерлерінің көмегіне жүгінгендердің бірі. Алакөл ауданы тұрғынының осы уақытқа дейін жеке басын куәландыратын құжаттары болмаған. Алайда, мұндағы мамандардың көмегі арқылы бұл мәселе оң шешімін таппақ.
– Менде туғаннан бері мүлде құжат болмады. Жасым қазір 23-те. Ал, анам 2020 жылы қайтыс болып кеткен. Осы уақытқа дейін бұл мәселемен анам айналысып жүрді, енді қазір өзім жүгірудемін. Құжат жасату үшін мемлекеттік мекемелерге бардым, көмек болмады. Адамдар мені осы «Жанұя» орталығына баруға кеңес берді. Көмектесетінін айтты. Келдім, ол кісілер маған көмектесті, жинайтын қағаздарымды айтты. 1 айдың ішінде соттың шешімін алдық, – дейді Самал Қанышқызы.
«Жанұя» орталығына келушілердің арнайы тегін курстарды оқуға мүмкіндігі бар. Массаж, компьютерлік сауаттылық, тігінші, шаштараз бен аспаздық курстары өткізіледі. Бұл арқылы олар өз кәсібін тауып, отбасын асырауға мүмкіндік алады.
– Жалпы, облыста жұмыссыздық деңгейі 5,1%-дан 4,8%-ға төмендеп отыр. Биыл жұмыссыз азаматтарды жұмыспен қамту мақсатында Өңірлік жұмыспен қамту картасы бекітілді. 11 айдың қорытындысына сәйкес облыста 32 039 адам жұмысқа орналастырылды, оның ішінде 19 362 адам тұрақты жұмыс тапты. Келер жылы Талдықорғанда ерекше қажеттілігі бар азаматтарға арналған 150 орынды оңалту орталығының құрылысы жоспарланған. Сонымен қатар «Инватакси» қызметі 18-ден 32-ге дейін өсті, – деді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ермек Мизамбаев.
Медет ЖҰМАБАЙ





