Өңірімізде ерекше қуаныш. 31 жастағы Альмира Бекеева бірден төрт ұлды дүниеге әкелді. Төртем 24 қыркүйекте Алматы қаласындағы Ұлттық акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығында кесар тілігі арқылы өмірге келді. Анасының төртінші жүктілігі кезінде құрсағында төрт нәрестенің өсіп келе жатқаны анықталған. Жүктіліктің 29-аптасында ол мамандандырылған медициналық көмек алу үшін Алматыдағы орталыққа жатқызылып, дәрігерлердің тұрақты бақылауында болды. Нәтижесінде төрт ұл аман-есен дүниеге келді.
Сәбилерге Арлан, Арсылан, Әлихан және Әмірхан есімдері берілген. Туған кездегі салмақтары 1400-1700 грамм аралығында. Төртемнің өмірге келуі акушерлік тәжірибеде ерекше бақылау мен жоғары деңгейдегі медициналық көмекті қажет ететін күрделі жағдай саналады. Осы орайда ана мен балалардың денсаулығын сақтауға күш салған Ұлттық акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығының дәрігерлеріне алғыс білдірілді. Бүгін анасы мен төрт сәбиі медициналық орталықтан үйлеріне шығарылып, оларды облыстың өкілдері салтанатты түрде қарсы алды.
Осы қуанышты сәтте облыс әкімінің орынбасары Мәрлен Көлбаев отбасыға көрсетілетін қолдау шараларына тоқталды.
Бүгін – Жетісу облысы үшін ерекше қуанышты күн. Менің білуімше, өңір тарихында бір отбасында бірден төрт сәбидің дүниеге келуі алғаш рет орын алып отыр. Төртем қыркүйек айында туғанымен, сәбилер ширап, анасы да денсаулығын қалпына келтіргенше бұл жаңалықты жария етуді жөн көрмедік. Бүгін Алматы қаласындағы Ұлттық акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығынан анасы төрт баласымен бірге шықты. Осы уақытқа дейін олар дәрігерлердің тұрақты бақылауында болды. Сәбилердің аман-есен өмірге келуіне және күтіміне атсалысқан медицина қызметкерлеріне алғыс айтамыз, – деді Мәрлен Көлбаев.
Оның айтуынша, бұдан былай отбасының жағдайы облыс басшылығының назарында болады. Ана мен балалардың денсаулығын күнделікті бақылау үшін аудандық ауруханадан арнайы дәрігер мен медбике бекітілген. Сондай-ақ анасына бала күтіміне көмектесетін күтуші бөлінеді.
Отбасына аудан орталығы Сарыөзектен жаңа үйден үш бөлмелі пәтердің кілті табысталды. Балаларға қажетті арбалар, манеж-төсектер мен өзге де керек-жарақтар беріледі. Бұған қоса, сәбилер мемлекеттік қолдау аясында тиісті тағаммен қамтамасыз етіліп, анасына заңнамада көзделген жәрдемақылар мен төлемдер рәсімделеді.
Осылайша, төрт сәбидің дүниеге келуі бір отбасының ғана емес, бүкіл Жетісу жұртының, оның ішінде киелі Күреңбел өңіріндегі талдыбұлақтықтардың айрықша қуанышына айналды. Ендігі тілек – төрт бүлдіршіннің дені сау болып өсіп, ата-анасының қуанышына бөленуі.
Төртемнің бауы берік, ғұмыры ұзақ болсын!
Гүлжан ТҰРСЫН





