Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина АҚШ ашық чемпионатының (US Open-2026) жартылай финалына шықты. Нью-Йоркте өтіп жатқан турнирдің ширек финалында Олимпиада чемпионы қытайлық Чжэн Циньвэньді үш сетте 3:6, 6:1, 6:4 есебімен жеңді. Алғашқы партияда қарсыласына есе жіберген қазақстандық спортшы екінші сеттен бастап ойынды толық қолына алды. Шешуші кезеңде (есеп 4:4 болған сәтте) брейк жасап, жартылай финал жолдамасын жұлып алды.
Бұл жеңіс Елена Рыбакинаның әлемдік теннис тағына көтерілуін мерзімінен бұрын қамтамасыз етті. WTA ресми хабарлағандай, қытайлық спортшыны ұтқан жағдайда қазақстандық теннисші US Open бәсекесінің соңғы нәтижесіне қарамастан, жаңартылған рейтингте бірінші орынға шығатыны айтылған еді. Осылайша, ол 2024 жылдың күзінен бері көш бастап тұрған беларусьтік Арина Соболенконы ығыстырып, мансабында тұңғыш рет әлемнің бірінші ракеткасы мәртебесіне ресми түрде қол жеткізді. Бұған дейін берген сұхбаттарында Рыбакина рейтингтің шыңына шығу басты армандарының бірі екенін, алайда өзі үшін әр кездесу мен жаңа титулдар бәрінен маңызды екенін талай атап өткен.
Биылғы бәсеке Рыбакина үшін Нью-Йорктегі ең сәтті додаға айналды. 2026 жылға дейін ол аталған «Үлкен дулыға» жарысында тіпті ширек финалға да жетіп көрмеген еді. Ал бұл жолы төртінші айналымда осы жарыстың екі дүркін чемпионы, жапониялық Наоми Осаканы небәрі бір сағаттан астам уақыт ішінде 6:1, 6:4 есебімен ойсырата ұтып, барлық «Үлкен дулыға» турнирлерінің ширек финалына шыққан алғашқы қазақстандық атанды. Жарыс алдында тобығынан жарақат алып, оның кортқа шығуы екіталай болған. Қиындыққа қарамастан мінез көрсеткен Рыбакина енді мансабындағы үшінші «Үлкен дулыға» кубогын алуға ниетті.
«Жетісу-Ақпарат».





