Корпорация тарихындағы алғашқы жиналмалы құрылғы – iPhone Duo ресми түрде таныстырылды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Жаңа гаджетті Apple компаниясының жаңа бас директоры Джон Тернус ұсынды. Оның айтуынша, бұл өнімді әзірлеуге 10 жылдан астам уақыт кеткен. Инженерлер бұған дейінгі өзге өндірушілердің жіберген қателіктерін ескере отырып, нарықтағы ең мінсіз жиналмалы дисплейді жасап шығуды көздеген. Басты мақсат – тұтынушыға мүлдем жаңа әсер сыйлау, бірақ сонымен бірге Apple экожүйесінің ыңғайлылығын сақтап қалу. Мөлшері жағынан бүктелген күйінде құрылғы кәдімгі төлқұжатқа өте ұқсас келеді.
iPhone Duo-ның негізгі артықшылығы – оның әртүрлі қалыпта жұмыс істеуге икемділігінде. Пайдаланушы смартфонды қалай орналастырса, iOS операциялық жүйесі интерфейсті соған сәйкес лезде өзгертеді. Мәселен, құрылғыны жартылай бүгіп, үстел үстіне «шатыр» сияқты қойған кезде экранда ауа райы, күнтізбе және музыка виджеттері автоматты түрде пайда болады.
Сондай-ақ қос экранда да USB-C нұсқасындағы Apple Pencil стилусын қолдану мүмкіндігі бар. Ал кіші экранда басты құралдар жолағы оң жаққа қолайлы орналасқан. Компания Netflix сияқты ірі сервистермен бірлесе отырып, қосымшалардың интерфейсін майысқақ экранға арнайы бейімдеп шықты.
Смартфонды толық ашқанда тұтынушының алдынан 7,6 дюймдік еңселі Super Retina XDR дисплейі ашылады. Бұл дисплей iPhone 18 Pro Max экранынан 50-55 пайызға, ал iPhone 18 Pro-дан 80 пайызға үлкенірек.
Жиналған күйде сыртқы 5,4 дюймдік дисплейді пайдалануға болады. Бұл өлшем бір қолмен басқаруға өте ыңғайлы.
Экранның майысатын тұсындағы сызық пен іздің көзге білінбеуі – жаңа технологияның жеңісі. Титан жақтаудан жасалған корпус пен арнайы топсалық механизмі экран бетін барынша тегіс ұстауға мүмкіндік береді.
Смартфонның «жүрегі» – соңғы үлгідегі A20 Pro процессоры мен С2 модемі. FaceTime камерасы экран астына орналастырылып, мүлдем көрінбейтін етіп жасырылған.
Негізгі камера блогы 48 мегапиксельді екі сенсордан тұрады:
-
Негізгі камера
-
Ультракең бұрышты камера
Қуат үнемдеу технологиясы да жоғары деңгейде қарастырылған. Ішкі үлкен экранда үздіксіз видео көргенде смартфон 31 сағатқа дейін шыдайды. Ал тек сыртқы экранды пайдаланған жағдайда қуаты 40-44 сағатқа дейін жетеді.
Құрылғы екі классикалық түсте ұсынылады: күміс түсті (Star White) және қою көк (Night Sky).
Премиум санаттағы жаңа өнімнің бағасы төмен болмайды:
-
256 ГБ жады бар базалық нұсқасы – 1 999 доллар (шамамен 908 мың теңге).
-
2 ТБ ең жоғары жады бар моделі – 3 199 долларға (1 млн 453 мың теңгеден астам) бағаланып отыр.
Әлемдік сатылым 23 қазанда басталады. Бұл қадам арқылы Apple компаниясы Samsung пен Huawei көш бастап келген жиналмалы гаджеттер нарығына ресми түрде араласты.








