Көптеген азамат жұмыс орнын ауыстырған кезде немесе қызметтен кеткенде пайдаланылмай қалған демалыс күндері күйіп кетеді деп алаңдайды. Алайда заңнама талаптарына сәйкес, жинақталған демалыс күндері ешқашан жойылмайды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Қызметкер еңбек шартын тоқтатқан сәтте жұмыс беруші оған өткен жылдарды қоса алғанда, барлық пайдаланылмаған ақылы демалыс күндері үшін толық өтемақы төлеуге міндетті. Еңбек жылы күнтізбелік қаңтар айынан емес, маманның мекемеге ресми орналасқан алғашқы күнінен бастап саналады. Мәселен, қызметкер 2025 жылғы 24 ақпанда жұмысқа кірісіп, 2026 жылғы 6 ақпанда кетсе, оған 23 күнтізбелік демалыс күні есептеледі. Мұнда толық жылға берілетін 24 күн нақты жұмыс істеген 348 күнге көбейтіліп, 365 күнге бөлінеді.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі нақты есептеу тәртібін мысалмен көрсетті. Айталық, айлық табысы 300 мың теңге болатын маман 2026 жылғы 30 қыркүйекте қызметінен босатылды делік. Соңғы 12 айдағы жалпы есептелген табысы 3,6 млн теңгені құрайды. Осы соманы нақты жұмыс істелген 246 күнге бөлсек, орташа күндік табыс 14 634,15 теңге шығады. Егер қызметкердің 1-14 қазан аралығындағы кезеңге сәйкес келетін 10 жұмыс күні пайдаланылмай қалса, оған салықтар мен міндетті жарналарды ұстағанға дейін шамамен 146 341 теңге төленеді. Есептеу барысында еңбекақы жүйесінде көзделген тұрақты үстемеақылар мен сыйлықақылар ескеріледі. Ал еңбекке жарамсыздық парағы немесе бұрынғы демалыс күндері секілді нақты жұмыс атқарылмаған уақыт аралығы есептік кезеңнен алынып тасталады.
Заң бойынша жұмыс беруші тиесілі барлық қаражатты еңбек шарты бұзылған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде аударуға тиіс. Егер мекеме төлемді уақытында жасамаса, әрбір кешіктірілген күн үшін заңда белгіленген тәртіппен өсімпұл қосып төлейді. Ал жұмыстан шықпай тұрып демалысты ақшаға айырбастау тек ерекше жағдайларда ғана рұқсат етіледі. Мәселен, басшылық қызметкерді шұғыл түрде демалыстан шақыртып алған кезде, тараптардың өзара келісімі және маманның жазбаша өтініші негізінде қалған күндерге өтемақы беріледі.






